XVII Жазғы Азия ойындары аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

XVII Жазғы Азия ойындары аяқталды

05.10.2014
XVII Жазғы Азия ойындары аяқталды

«Болғанынан боладысы қызық», демей ме? Бәріміз асыға күткен Азия ойындарының алауы сөнді. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы жазғы жарыс он бес күнге созылып, жаһан жұртын өзіне телміртіп қойған еді. Бұл жолы 45 елден келген 13 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстаннан 420 қыз-жігіт жолдама алды. Алпауыт елдерден айласын асырып, әлсіз мемлекеттермен әлі келгенше күш сынасты біздің спортшылар.

Күнде құр алақан қайтпай, кемінде 10 шақты медальмен қазағын қуантты. Халық та қолдау көрсетіп, туған жерде тақымын қысып отырды. Оны спортшыларымыз сезген секілді. Өйткені, бұл жолы тарихымызда тұңғыш рет 28 алтын алдық, ағайын.

Сөйтіп, 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласындағы Ойындарда жинаған 25 алтын медальдық көрсеткіштен асып түсті. Ал бокстан командалық есепте бірінші орынға алғашқы  рет қол жетті. Сөйтіп, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейін төртінші орынға табан тіредік.

 XVII Азия ойындары. Оңтүстік Корея, Инчхон қаласы. Мына бейнекөрініс 3-қазан күнгі дүбірлі додадан. Финал. Неге дәп осы күн? Себебі, бұл күн қазақ спортының тарихында сақталатын, сіз бен біз мақтанатын, жас ұрпақтың жадында жатталатын, жерлестеріміз 8 алтын, 3 күміс алған айтулы күн. Сонымен, қоржында - 28 алтын. Бұл бұрын-соңды болмаған рекорд. 

Сол сегіз алтынның алтауын боксшылар алды. Жараған жігіттердің табысын 52 келіге дейінгі салмақтағы саңлағымыз Ілияс Сүлейменов бастады. Өзбекстан спортшысынан оқ бойы озып, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Ілияс Сүлейменов, Азия ойындарының чемпионы:

Бес кездесу өткіздім. Барлығы да мықты қарсыластарым. Тырыстық, бапкерлерді тыңдап, еліміздің Туын көкке көтеру үшін тырысып бақтық.

Данияр Елеусінов пен өзбекстандық Исраил Мадримов фмналды жұдырықтасты. 2013 жылғы Әлем чемпионы қарсыласын оңай ұтты.

Данияр Елеусінов, Азия ойындарының чемпионы:

Дәрежелері өте жоғары, жақсы дайындықпен келетінін білдік қой. Маған оңай болған жоқ.

Бірінші соққы. Екіншісі де жаман емес. Үшінші, төртінші. Нәтижесі 30:26. Иә, 75 келідегі Жәнібек Әлімханұлы жарады. Қазақ спортшыларының ең жасы Иорданияның үміті Одай Алхиндавиден айласын асырды. Бірнеше рет есеңгіретіп те жіберді.

Жәнібек Әлімханұлы, Азия ойындарының чемпионы:

Үлкен дайындықтан өтіп, Азия ойындарына келіп, жеңіске жетіп отырмыз.

Ал Ниязымбетовке ел сеніммен қарайды. Көк Туды Әділбекке тапсырып, көп жауапкершілік артқан. Ылғи, шешуші сайыста ақысын жіберіп, күміс олжалайтын ол бұл жолы жігіттік жасады. Қарсыласы – кореялық Ким Хиеонг-Кью. Алаң иелері спортшысына қолдау көрсетті. Бірақ, сол қолдау біздің Әділбекті тоқтата алмады.

Ал, аса ауыр салмақтағы Антон Пинчуктің екпініне ернеу қоя алмай, ирандық алып Али Мазахери әбден састы. Тегеурініне тосқауыл таптырмастан, Иван Дычко да қарсыласы Хасем Делавариді діңкелетті.

Қостанайдың қос саңылағы да – Азия ойындарының жеңімпаздары. Сөзсіз, бокшылардың бұл жеңістері жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың еңбегі.

Мырзағали Айтжанов, бокстан ел құрамасының бас бапкері:

Биылғы сайысқа біз жақсы дайындалдық. Жігіттердің барлығының сайысы көңілден шықты.

Бізде - 84 медаль. 28 алтын, 23 күміс, 33 қола. Командалық есепте 4-орындамыз. Қытайда 151 алтын. Ал алаң иелері (Оңтүстік Корея) 79 алтынды қоржынына байлады. Жапонияның 200 медалінің 47-сі алтын. Бізден кейін бесінші орынға Иран бекіді.  

Жеңіске жету әсте оңай емес. Шыдамдылық, шеберлік һәм ширақтық керек. Қазақ былғары қолғап шеберлерінен көп спортшы аяқ тартады, бірі қызғанады, ал басқасы қызығады. Бекзат Саттархановтың соққыларын, Ділдәбеков Мұхтарханның мықтылығын, Ибраимов Ермаханның ерлігін, Василий Жировтың жұдырығын жаһан ұмытпайды.

Бұл жолғы жарыс жағымды жаңалыққа толы болды. Нұрмахан Тінәлиев грек-рим күресінен екі дүркін Азия чемпионы атанса, Дмитрий Баландин суға жүзуден үш бірдей «алтынды» еншіледі. Ал қазақ дзюдосы тарихындағы Азия ойындарының алғашқы «алтынын» Елдос Сметов сыйлады.

Иә, көк Тудың көкте желбіреуі үшін көп тер төкті жігіттер. Бұл жолы да жарады. Ел үмітін ақтады. Жеңістердің жемісін бірлесе жейміз. Өйткені, табыстың тайқазаны ортақ.

Ғалым КӘЛМЕН

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу