Жыл жылжыған сайын «Нұр Сұңқар» байқауының мәртебесі де, оған қатысушылар саны да артып келеді. Биылғы жеңімпаздар 221 адамның арасынан анықталды. Сонымен бірге, «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» аталымының жүлдесі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджановаға табысталды.
Сонымен, сыйлықтар 7 аталым бойынша берілді. Атап айтсақ, «Сөз шебері» аталымы бойынша - ең үздік газет журналисі, «Ерекше пікір» аталымы бойынша - ең үздік телевизиялық журналист, «Медиа-профи» аталымы бойынша - ақпарат агенттігінің ең үздік журналисі, «Көзқарас» аталымы бойынша - ең үздік блогер, «Аймақ Айнасы» аталымы бойынша -ең үздік аймақ журналисі марапатталып, сондай-ақ, қазақстандық журналистикаға еңбек сіңірген және партия қызметі туралы ең жақсы материал дайындаған БАҚ өкілі де марапатталады.
Сонымен бірге, үздік деп танылған бірқатар журналиске Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Ең дамыған 30 елдің ішіне кіру үшін халықтың сана сезімі өзгеру керек. Біз өз күшімізге сеніп, журналист болсын, қарапайым жұмыскер болсын, барлығымыз жұмыла отырып, жұмысымызды сапалы түрде жасауымыз керек.
Әлбетте, шығармашылық еркіндік, шындық - баспасөздің басты діңгегі. Бірақ шындықты айтуды шырықты бұзу деп түсінетіндер көп. Өртеніп тұрған өзекті мәселені көтергендерді жазғыратындар, жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деп түрлі жолмен азғыратындар, оған көнбесе соңына түсіп қудалап, журналистермен тап атажауындай алысатындар да кездеседі біздің елде. Бірақ, ең бастысы тілшілерге керегі - халықтың сенімі мен ықыласы.
Қала тұрғыны:
Жалпы, журналистердің қоғам өміріндегі маңызы өте зор, деп ойлаймын. Себебі осы журналистердің ең негізгі бағыты - халықтың мұңын және жаңалықтарды көрермендерге жеткізу болып келеді. Сондықтан, журналистердің жұмысы өте қиын.
Қала тұрғыны:
Жаһандық ақпараттандыру жүріп жатқан кезде журналистердің рөлі өте маңызды, деп ойлаймын. Біз Тәуелсіздік алған аздаған жылдың ішінде біздің журналистеріміз өте жақсы дамыды. Әсіресе, соның ішінде тележурналистика жақсы дамыды, деп айтар едім.
Олар әлемдегі, еліміздегі жаңалықтарды халыққа өте тартымды етіп жеткізеді. Әрине, журналист болу оңай емес, ол үшін жан-жақты болу керек. Журналист саясаткерде, экономистте бола білу керек. Біздің еліміздің болашағы осы журналистердің қолында, деп ойлаймын.
Қала тұрғыны:
Журналистердің қызметі өте қиын шаруа ғой. Қиын да, қызықты да. Бұдан да үлкен үлес қоса беріңдер Қазақстанға.
Айнұр ОМАР