Наурыз - көне салт, жоралғылар жаңғырған мейрам - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз - көне салт, жоралғылар жаңғырған мейрам

23.03.2014
Наурыз - көне салт, жоралғылар жаңғырған мейрам

«Қызыр баба қолдасын,

Аман сақтап төл басын.
Еккен егiн солмасын.
Баса-көктеп жайлауға,
Бөтен көштер қонбасын.
Орта толып ырысқа,
Бейбiт өмiр орнасын.
Бостандықтың ордасын,
Перiштелер қорғасын!»
 
Наурыздағы осындай бата-тілектерді жас кезімізде көп еститінбіз, ауылдағы ақсақалдардан. Бабалардың «батаменен ел көгерер» деп айтуы тегін емес.
 
Жалпы, елдің бірлігіне, тату тірлігіне, амандығы мен есендігіне қатысты жылы лебіздер осы аптада елдің әр түкпірінен естіліп жатты, көктен бата жауған күн болды. Наурыз тойын қазақ даласының қиыр-қиырындағы облыс-өлкелер, ауыл-аудандар ауызбіршілікте атап өтті.
 
Батыс пен шығыс, күнгей мен теріскей жұршылығы салтты сақтап, дәстүрді дәріптеп, төс қағыстырды. Жасы бар, жасамысы бар көшет отырғызды. Көше бойларын күл-қоқыстан тазартты. Шуылдаған бала-шаға үй-үйді аралап, сәлем берді. Бауырсақ пен наурыз көжеге тойысып, қарындарын шапақтады.
 
Ат құйрығын кесіскен араздар қайта татуласты. Бай-бағландар жомарттық жасады, жоқ-жітіктерге жәрдемдесті. Қысқасы, пенде атаулының өкпе-реніші жылан жылымен кетті.
 
Алып шаһар Алматының алаңына Наурызды тойламаққа келген халықта қисап жоқ. Думанға жиылған жұрттың жүздерінен жылу, көздерінен қуаныш лебі есіп тұр. Дәл осы күні қазақтың ұлттық құндылықтары мен дәстүрі дәріптелді. Киіз үй қаз-қатар тігілді, мерекенің сәнін кіргізді.
 
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
Бүгінгі орны бөлек мереке, жалпыхалықтық мейрам – әз-Наурыз құтты болсын! Отбасыларыңыз жанға, жүректеріңіз нұрға толсын!
 
Ұлыс үшін мәні зор Наурыз мейрамында ақ тілектің тиегі ағытылады. Бұл күні араз ағайын татуласады, жат жақындасады. Домбыраның шанағынан күмбірлеп күй, ән мен жыр төгіледі.
 
Алтынай Жорабаева, әнші:
Құрметті Қазақ елі, бүгінгі Наурыз мерекесі құтты болсын! Отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Атқан таңдарыңыз бен батқан күндеріңіз қуанышқа толы болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
 
Қайнаған қазан, жайылған дастархан, ақ баталы аталар, ақ жаулықты аналар, кимешекті келіншек, сәукелелі ару, дулығалы азамат, бәрі-бәрі осы жерден табылды.
 
Исрайыл Сапарбай, ақын:
Наурыз күніне жеткенімізге шүкір. Аман-есен, шығынсыз, ұрыссыз-соғыссыз. Ләйім осы күндер жалғаса берсін. Халықтың дидары, назары бір-біріне ауып, құшақтарын айқара ашып, сәлем берейік. Ұлыстың ұлы күніне жете берейік!
 
Дәл осы күні жер бетіне жақсылық ұялайды деген сенім бар. Ал, жақсылық тазалыққа жақын. Сондықтан, Наурызда күл-қоқыстан арылу, тазару, бұлақтың көзін ашу абзал. Ерекше көркем Баянауылда тура үш жүз бұлақ бар. Үшеуі ерекше қасиетті саналады. Бүгінге жеткен дерекке қарағанда, үш әулие осы үш бұлақтың басын мекен қылыпты. 
 
Сайлау Байділдин, Баянауыл ауданының тұрғыны:
Емге дәру. Асқазаны ауыратын адамдар жыл сайын осында келіп, дәрігерлер жаза алмаған дертін осы жерден жазып қайтатындар көп.
 
Қасиетті бұлақтардың бойындағы өсімдік атаулы да қасиетті. Мәселен, арша, қанды қарағаш. Ал, баянауылдық шебер Шерияздан Қуат кейбір ағаш түрлерін тұрмыстық бұйымдар жасауға жаратып жүр. Діңі мықты, сапалы, дейді. Әсіресе, ыдыс-аяқ жасауға таптырмайтын материал.
 
Шерияздан Қуат, қолөнер шебері:
Мұның денсаулыққа қандай пайдасы бар екенін қазір ғалымдар дәлелдеп отыр. Ағаштың сан түрі бар, оны таңдау керек. Баянауыл ағашты, орманды жер. Онда қасиет қонған неше түрлі ағаш бар.
 
Мейрамы күні баянауылдық қариялар бастап, жастары қостап, айналаны күл-қоқыстан тазартты. 300 бұлақтың көзін ашты. Ырыс, берекеге толы мейрамда Павлодар мен Екібастұз қаласында қоныс тойлары өтті.
 
Екібастұзда ата-анасыз өскен жастарға 26 пәтердің кілті табыс етілсе, Павлодарда 143 отбасы баспаналы болды. Солардың бірі - Майгүл Иманқұлова.
 
Майгүл Иманқұлова, қала тұрғыны:
Менде үш күн ішінде үш мереке. Кеше ұлымның туған күні, бес жасқа толды. Бүгін пәтердің кілтін алдым. Ертең - Наурыз болады. Осыдан артық бақыт бар ма? Мемлекетіме рахмет!
 
Наурыз - көне салт, жоралғылар жаңғырған мейрам. Өнерлі жастар жұртшылықты Қара жорға биімен баураса, ұлттық ойындар мерекенің көрігін қыздырды. Әсіресе, қошқар көтерген палуандардың сайысы көптің делебесін қоздырды. Ең мықты дегені қошқарды үйіне қоса ала кетті.
 
Сұңғат Махамбетов, қала тұрғыны:
35 келі қойдың өзін көтеру оңай болған жоқ. Қарсыластарым бәрі мықты екен, бұрын көтеріп жүрген балалар екен. Бұйырғасын алдық та. Барша қазақ халқын мейрамдарымен құттықтаймын.
 
Қуанғали Бишенов, мұнайшы:
Мен қызмет ететін кәсіпорында 900-дей мұнайшы бар. Биыл жоспарды артығымен орындадық. Наурызға аман-есен жеттік. Мереке құтты болсын! Ақ мол болсын! Бүкіл қазақстандықтарға денсаулық тілеймін.
 
Кои Ешикадзу, халықаралық каратэ ұйымының директоры:
Дәл мұндай Наурыз мерекесі Жапонияда жоқ. Кереметтей көңіліңді жадыратар мейрам екен. Мерекелеріңіз құтты болсын! Түрлі ұлттар бір кісінің баласындай тату-тәтті тойлап жатыр. Мен өзімді Отанымда жүргендей керемет сезініп тұрмын.
 
Мерекеге орай Шымкенттегі Бадам өзенінің жағалауы көріктендіріліп, құрылыстың бірінші кезеңі ел игілігіне берілді. Қала тұрғындары демалыс орындарын аралап көрікті жағажайға тал отырғызды.
 
Манат Данаева, қала тұрғыны:
Бадам өзенінің жағасында тұратын едім. Бұрын қандай жаман еді, қазір тазарып, әдемі болып қалды. Бала-шағамызбен шығып мейрамдайтын болдық. Қуаныштымыз.
 
Шығыста да биылғы мерекенің шырайы өзгеше. Өскеменде 70 отбасы бес қабатты жаңа үйден пәтер алды. Ал, орталық алаңда спорттық сайыстар мен ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, концерттер мерекенің көркін қыздырды. Ұлан-асыр тойды тамашалауға келген халықта есеп жоқ. Олар киіз үйлерге кіріп, Наурыз көжеден дәм татты, жақсы тілектерін де айтты.
 
Қызылжар өңірінде Наурыз мерекесінде қыздар бұрым өріп, жігіттер жілік шағып сынға түсті. Қызылжарда ауа райы алабұртып тұрғанымен, жиналған халықтың көңіл күйі көтеріңкі болды. Ең қызығы, биыл алғаш рет бауырсақ жеуден байқау ұйымдастырылды. Қомағайлығымен көзге түскендерге арнайы сыйлық табысталды. 
 
Виктория Говорухина, қала тұрғыны:
Наурыз - бәрімізге ортақ мереке. Әзірбайжандар, орыстар, қазақтар бірге тойлаймыз. Наурыз мерекесі құтты болсын, ақ мол болсын. Ашық аспан, зор денсаулық тілеймін.
 
Жыл басы - Наурыз Ақтөбенің әр бөлігінде тойланды. Мәдени орындарға шоғырланған жұртшылық ән тыңдап, өнерпаздармен біріге би биледі. Реніш пен өкпе-назды ұмытысқан тұрғындар төс қағыстырып, қол алысты. Ыстық-ықыласпен ырыс, несібе тіледі.
 
Тұңғыш Президент атындағы саябақта кісі қарасы көп болды. Қолөнершілер көрмесі ақтөбеліктерді бейжай қалдырмады. Жұртшылық ұлттық бұйымдардың сырына қанықты. Көпшілік орындарда қазан көтеріліп, ас әзірленді. Ақ мол болды. Үлкен-кіші наурыз көжеге тойды. Наурыздан наурызға аман жеткен жұрттың тілегі бір - ел тыныштығы.
 
Сәлима Жауылбаева, қала тұрғыны:
Бейбітшілік заман болсын, халқымыз аман болсын, Қазақстанымыз алға өрлей берсін.
 
Қарлығаш Тохина, қала тұрғыны:
Жылқы жылы тыныштық әкелсін, дастарқанға байлық әкелсін. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болып, наурыздан наурызға жете берейік.
 
Ал, атыраулық ағайын бұл күні қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып, жиналған жастарға жоралғылардың мән-мағынасын түсіндірді.
 
Әлима Хабитова, қала тұрғыны:
Бұрынғы салтымызды жастар үйренсін деп дастарқан жайып, құда күтіп жатырмыз. Біздің ортамызда жастардың ойындары бар. Ұмытылып кеткен ұлттық ойындарымыз бар. Соның барлығын көрсетеміз, паш етеміз. Наурыз барлығымызға құтты болсын. Бақыт әкелсін. Ақ көп болсын.
 
Ұлыстың ұлы күні еліміздегі шағын қалаларда да сән-салтанатымен тойланды. Алматы облысындағы Текелі шаһары да Наурыз мерекесімен бірге жаңарып, жасара түскендей.
 
30 мың халқы бар Текеліде 20-дан астам ұлт өкілі тұрады. Тірлігі таудай биік қала тұрғындарының бірлігін осындай мерекеде аңғарасың. Бұл шаһар үшін де Наурыз барша халықты жақындастыратын ұлық мейрам.
 
Лилия Кущ, Текелі қаласының тұрғыны:
Мен өзім қазақтың келінімін. Біз жылда үйде наурыз көжемізді дайындап, бейбітшілік орнасын, ақ мол болсын деп тілеп, бір дастарқан басында қарсы аламыз.
 
Бір көше бойын толтырған ақ шаңқан киіз үйдің әрқайсысы қонақжайлығымен ерекшеленуге тырысып бақты. Әр шаңырақта мерекенің ажырамас нышандары. Наурыз - төл мәдениетімізбен қауыштыратын, рухани құндылықтарымызды ұлықтайтын ұлы мереке.
 
Бүркітбай Файзуллин, Текелі қаласының тұрғыны:
Бүркітімізді, атымызды, тазымызды алып келіп, ел жұртқа көрсетіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттап, жақсы тойлап жатырмыз.
 
Айсұлтан Әбілмәжін, Текелі қаласының тұрғыны:
Бата беріп атамыз, бата беріп апамыз, тәтті болып жасалған наурыз дәмін татамыз. Баршаларыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын.
 
Міне, Қазақ елі Ұлыстың ұлы күнін осылай тойлады.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу