Еңбек мигранттарына қатысты жаңа Заң қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек мигранттарына қатысты жаңа Заң қабылданды

26.01.2014
Еңбек мигранттарына қатысты жаңа Заң қабылданды
Немісте «Гастарбайтер» деген сөз бар. Бізше  жалдамалы жұмысшылар. Олар да пенде, еріккендерінен ел аралап жүрген жоқ. Экономика тұралап, тұрмыстан мән кеткен соң, арып-ашқан бала-шағаларының қамы үшін шетел асқандар.
 
БҰҰ былтыр әлемдегі мигранттар саны 230 миллионнан асқанын айтып отыр. Мәселен, АҚШ-та 46 миллион, Ресейде 11 миллион мигрант жүр. Ал, Қазақстан 9-шы орында. Біздің елде соңғы жылдары 1 миллион мигрант жүр деп айтылады.
 
Көбі қырғыз, өзбек, тәжік елдерінен. Қазынаға көк тиын салық төлемей тайраңдап жүр. Нағашысының ауылына келген жиендей сайрандап жүр. Оларды «Оу, қайдан келдің?», «не бітіріп жүрсің?» деп қадағалап жатқандар аз.
 
Қара базарлар құжынаған қырғыздарға толды. Алдыңнан ұйғыр, дүнген, өзбектердің асханалары шығады. Өзбектің алақаны қышыса, кешікпей қазақтарда құрылыс басталады дей беріңіз. Тағы бір жайт.
 
Көші-қонның ұлттық дәстүрімізге тигізер қауіпті тұстары да бар. Ағылған миссионерлер діннің атын жамылып, сананы улап жатыр. Шеттен келгендердің қылмыс жасап, бүлік тудыратындары да кездеседі.
 
Бір жылдары Амангелді Айталы халықаралық іздеудегі 100-ден аса қылмыскердің Қазақстанда жүргенін айтқан. Сондықтан, байқас болайық. Баяғыда Бұхар жырау «жатқа тізгін бермеңіз, жаламенен бас кетер» демеп пе еді?
 
Сонымен, гастарбайтерлер экономиканың әр саласына тұмсық сұғып, өзіміздің тепсе темір үзетін жігіттерді шетке ысырып шығарды. Тіпті елдегі ІЖӨ-нің 30 пайыздан астамы осы келімсектердің үлесінде кетеді. Ауыздағыны өзімізге бұйыртпай, езуімізден жырып әкететін мигранттардың сөйтіп, ұрттары майланып, көңілдері жайланып жүр.
 
Мигрант-үй де, күй де талғамайды, берген пұлыңды алады, тапсырған жұмысты тез бітіріп, ақысын алғанша асығады. Полиция тексерсе, тырағайлап қашып, қожайынның көлеңкесіне тығылатын да осылар.
 
Бірақ қазір Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларды оларсыз елестету мүмкін емес. Біреу үйін жөндеп жатыр десе, міндетті түрде «өзгелер ме» деп сұраймыз. Солай болуы тиіс сияқты.
 
Дулат Ысқақов, ҚР ІІМ, Көші-қон полициясы департаментінің виза жұмысы басқармасы басшысының орынбасары:
Қазақстан аумағында уақытша бір миллион шетел азаматы тіркелген. Соның ішінде 820 мыңдайы - ТМД азаматы, ал қалған 180 мың - алыс шетел азаматы. Осылардың ішінде Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан азаматтары көп.
 
Бұл көші-қон мен мигранттың құжатын рәсімдейтін жер. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар», деп елімізде жүрген жұмысшылардың санын да жатқа айтады. Қазір Қазақстанда жүрген миллион шетел азаматының бәрі бірдей қара жұмыс істеп жүрген жоқ. Еңбек етемін деп заңды тіркеуге тұрғаны 10 мыңнан ғана асады.
 
Дулат Ысқақов, ҚР ІІМ, Көші-қон полициясы департаментінің виза жұмысы басқармасы басшысының орынбасары:
Қазақстан Республикасының аумағына келіп тіркеуге тұрмағаны және тіркеуге тұрғанда келу мақсатын көрсеткен кезде ережелерін сақтамағандар. Мысалы, ол қонаққа келдім немесе туризм мақсатымен деп уақытша тіркеуге тұрса, көбінде Өзбекстан, Қырғыз Республикасы азаматтары заңсыз жұмыс істейді.
 
Осы миллионның ішінде өзбек пен қырғыз, кәріс пен дұнған, балкар мен ел ести бермейтін химшил деген ұлт та бар. Қырғыз сауда сатып, даяшы болды, киім тігіп, қар да күреп жүр.
 
Өзбек «шығыс асханаларын» көбейтіп, тамақ жағына, үйдің ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын жасады. Ең ауыры тәжікке қалыпты. Олар қара жұмысқа жегіледі. Түріктер шашты күзеп, түзеудің өзіне қыруар қаржы алып, алақанын ысқылап жүр. Шетелдік жұмысшылардың көп келуі ел экономикасының дамығанын көрсетеді. Алайда... «кел демек бар да, кет демек жоқ», дейтін қазақтың ұрпағы едік...
 
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Статистика бойынша 2,7 миллион кісі жұмыссыз. Сол анау мигранттар келіп, солардың жұмысын алып қоймай ма деген, тағы да бір сондай қауіптер бар.
 
Қауіп бұл ғана емес, 2013 жылы мигранттардың қатысуымен 1500 қылмыстық іс тіркеліпті. Күні кеше Алматыда бір үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, бала-шағаны қан-жоса қылып қырып кеткен де үйді жөндеген келімсек емес пе еді? Егер мигранттар ағымына тосқауыл қойылмаса, өз азаматтарымыз расында да екі қолға бір күрек таппай қалмасына кім кепіл?
 
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жалақысы 10 пайыздан 50 пайызға дейін біздің кісілермен салыстырғанда олардың жалақысы төмен. Пайдалы. Сосын оларда зейнетақы жоқ. Әлеуметтік сақтандыру жоқ. Оларды кәсіпкерлерге пайдалану өте пайдалы.
 
Еңбек мигранттары туралы жаңа заңда енді әр Қазақстан азаматы үй шаруасына 5 еңбеккер алуына құқылы делінген. Бірақ, осыған дейін арзан жұмыс күшін пайдаланған кәсіпкерлер енді олар үшін ай сайын мемлекетке ақы төлейтін болады.
 
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мигранттар бірде жұмыс істейді, бірде істемейді, қазір мигрант көп жерлерде неше түрлі жағдайлар күшейіп жатыр. Олар ақша болмаған соң, неше түрлі қылмысқа барады. Ресейде әр келген мигрантқа патент сатады. Біздің патентіміз бір айға - 2 МРП.
 
Екі айлық есептік көрсеткіш дегеніміз - үш мың теңгеден асады. Әр мигрант енді Қазақстанда кәсіп қылу үшін арнайы патент алады. Келімсек деп өзге елдің азаматын жақтыртпайтын Ресейде де осы заң бар. Бейресми дерек бойынша, қазіргі кезде Ресейде 17 миллионға жуық мигрант бар екен. 
 
Сәрсен Дүйсенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:
Ресейде де проблема бар. Бұл заңды қабылдағанда олар тым көп жеңілдік жасап жіберді. Енді Ресейде де бұл заңдар толық жұмыс істемей жатыр. Олар қай мигрант қайда кеткенін толық анықтай алмай жатыр.
 
Ал бізде оларға аса көп жеңілдік қарастырыла қоймаған. Есесіне патент құны да қымбат емес.
 
Сәрсен Дүйсенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:
Біріншіден, рұқсат береміз, екіншіден, рұқсаттың тек бір өңірге күші болады. Мәселен, Астана қаласына ғана берілсе, Астана қаласында ғана сол рұқсаттың жұмыс істейтін мүмкіншілігі болады мигранттың. Бақылау күшейтіледі. Екіншіден, біз тек үй жұмысына ғана рұқсат береміз. Сол себепті, олар Қазақстан азаматтарына бәсеке бола алмайды.
 
Еңбек мигранттары Қазақстан азаматтарына бәсекелес болмауы тиіс. Біздің қазақ аш қалса да, ар санайтын кәсіп көп. Үй шаруасы, ұсақ-түйек жөндеу, өңдеу жұмыстары... ал шетелдік еңбек күші осы олқы орындарды толтырмақ. Алайда, ақшасын төлеп, патент алған кез-келген келімсек бізге емін-еркін кіріп-шыға алмайды.
 
Сәрсен Дүйсенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:
Дүниежүзінің кез-келген жерінен келмейді, олар. Біз тек қана көрші елдерге ғана, соның ішінде нақты айтқанда, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан Республикасының азаматтары ғана бізде жұмыс істей алады. Қытай азаматтары, алыс шетел азаматтары бізде жұмыс істей алмайды. Оған рұқсат бермеген заң.
 
Экономика тұралап, елді жаппай жұмыссыздық жайлаған тұста қазақ азаматтарының да жаппай жұмыс іздеп шетел асқаны есімізде. Енді міне, өзіміз өзгені жалдайтын жағдайға жеттік. Бірақ, арамызда кетіп жатқандар әлі де аз емес.
 
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздегі көп кісілер Ресейге кетеді. Статистикаға қарағанда, 600 мыңдай Қазақстан жұмыскерлері кетіп жатыр. Оның сапасы қандай? Бізде Өзбекстаннан, Тәжікстаннан жұмысшылар көп келеді.
 
Көші-қон полициясы заңсыз мигранттарды ұстауға жиі шығады. Олар аз-маз пұл үшін бәріне төзеді. Алдымен, осылай автобус жүк салғышына қыстырылып жатып ақ, жетер жеріне жетеді. Жұмыс талғамайды, күй таңдамайды.
 
Жер кепеде жатып-ақ, бергеніңді алады. Ал кейін ақшаны күреп тауып, еліне жібереді. Ақша бізден, еңбек өзгеден. Миграция қазір Ресейдің бірінші проблемасына айналып кетті. Ол жақ өзгеге кеткен ақшаны өзіміздің мұжық неге таппасқа саясатына көше бастады.
 
Ал біз әр қазаққа бес көмекші тиесілі деп өзгерттік. Бір анығы бар. Біз тым аяншақ, жүрегі жылы ұлтпыз. Бүгін бүгіліп келгендер, ертең жылынып, түбінде «тең атаның ұлы едік!», деп тепсініп теңдік сұрамасына кім кепіл?
 
Айнұр ОМАР
 

Хабарламаларға жазылу