Магнитогорск қаласындағы тұрғын үйдегі газ жарылысынан қаза тапқандар саны 38-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Магнитогорск қаласындағы тұрғын үйдегі газ жарылысынан қаза тапқандар саны 38-ге жетті

03.01.2019

Ресейдің Магнитогорск қаласында тұрғын үйдегі газ жарылысынан қаза тапқандар саны 38-ға жетті. Осы қайғылы оқиғаға орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдап, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақ екенімізді жеткізуді сұрады. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Магнитогорскіде жарылыстан құлаған үйдің орнында іздестіру, құтқару операциясы әлі де жалғасып жатыр.

Құтқарушылар құлаған ғимараттың астында қалған үш адамды әлі іздестіріп жатыр. Олардың тағдыры әзірге белгісіз. Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, опырылып түскен бетондардың арасынан бір әйел табылды. Осылайша, құрбандар саны бүгін 38-ге жетіп отыр. Апат болған жерде іздеу-құтқару операциясы мейлінше сақ жүргізіліп жатыр. Өйткені, жарылыстан аман қалса да, кез келген сәтте құлауы мүмкін конструкциялар бар.

Михаил Юрин, Челябинск облысының Төтенше жағдайлар министрі:

- Ілігіп тұрған конструкциялар әлі де бар. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне қауіп төндіріп тұр. Бұл құрылымдарды қалай алып тастау жөнінде шешім қабылдауға тиіспіз.

Магнитогорск халқы астан-кестеңі шыққан ғимараттың алдына гүл шоқтары мен ойыншықтар қойып, шырақ жағып жатыр. Көбі - жақын маңдағы үйлердің тұрғындары. Мұнда олардың туған-туыстары мен жақындары, достары тұрған. Дегенмен, құлаған нысанның айтарлықтай бөлігінен адамдар ешқайда көшкен жоқ. Карл Маркс көшесіндегі 10-қабатты үйде 12 кіреберіс болған.

Құрбандардың туыстарына қаңтардың 4-де банктер ашылысымен өтемақы төлене бастайды. Сонымен қатар, ертең Магнитогорскте алғашқы жерлеу рәсімдері өтеді.

Магнитогорск тұрғыны:

- Бұл жерге келмеу мүмкін емес. Қайғы ортақ қой, қорқынышты. Мұндай оқиға біздің қалада болады деп ойламаппыз. Қалай келмейсің?! Құрбандар үшін дұға қыламыз. Өте ауыр жағдай.

Магнитогорскте трагедия ел Жаңа жылды қарсы алуға әзірленіп жатқанда, яғни, желтоқсанның 31-де болды. Болжамдарға қарағанда, кіреберістердің бірі газ жарылысынан опырылып түссе керек. Апаттан 48 пәтер қирады. Ресей Тергеу комитетінің мәлімдеуінше, оқиғаның себебі тергеліп жатыр. Бұл жерден бомбаның іздері табылмаған.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу