Индонезияда құлаған ұшақтың сынықтары табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индонезияда құлаған ұшақтың сынықтары табылды

29.10.2018

Индонезияда құлаған жолаушылар ұшағын суда іздестіру-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Оған құтқарушылармен бірге, полиция мен әскерилер де тартылған. Соңғы мәліметтерге сай, дайверлер 4 шақырымдай тереңдіктен лайнердің корпусының бір бөлігін, жеке бас куәліктерін тапты. Ал, «Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша, адам денесінің бөлшектері де табылған.  Дегенмен, ұшақта болған жолаушылар туралы өзге мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.

«ЛайнЭйр» әуе компаниясына тиесілі «Боинг» таңертең Джакарта әуежайынан көкке көтерілгеннен кейін, 13 минуттан соң жағалаудан 15 шақырымда суға құлаған. Ал, радар экрандарынан жоғалмас бұрын, оның экипажы диспетчерлерден базаға қайта оралуға рұқсат алған екен. Ұшақ бортында болған 189 адамның үшеуі - бала, екеуі - пилот, бесеуі - жолсерік. Лайнер бір сағаттан соң Панкалпинанг қаласына қонуы тиіс еді. Әзірге, оқиғаға не себеп болғаны белгісіз. Дегенмен, «ЛайнЭйр» әуе компаниясы өкілдерінің сөзінше, құлаған «Боингте» жексенбіде техникалық проблема анықталып, сол ақау жөнделген екен.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу