Омбы қаласында тұратын қандастарымыз орталық көшеге жиналып, қазақтың адуынды күйлерін тартты. Концерттік бағдарлама дайындап, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше кеш сыйлады. Ресми шарадан кейін қазақ жастары елімізде жиі ұйымдастырылып жүрген «Домбыра пати» шарасын өткізді.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ағамыз бекер айтпаған. Қазақ қайда болса, домбыра сонда. Ұлттық мейрамды ұлықтау үшін қандастарымыз ойдан-қырдан жиналды. Мерекелік шара Омбы орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде өтті. Бұл жердің таңдалуы да бекер емес. Халық ең көп серуендейтін жер өйткені. Күмбірлеген домбырада орындалған әрбір ән мен күй мейрамның көркін қыздыра түсті.
Ұлттық мейрамға арналған ресми шарадан кейін жастар жағы «Домбыра патиде» бас қосты. Астанада бастау алған шара бүгінгі күні шетелдерде кең етек жая бастады. Омбылық қандастар шараны биыл алғаш рет өткізді. «Домбыра патиді» өзге ұлт өкілдері де қолдап, қазақтың қоңыр үнді аспабына ерекше қызықты.
Домбыра біздің ұлттық музыкалық аспабымыз ғана емес, елдігімізді еске түсіретін бойтұмарымыз. Бұған Омбыдағы домбыра-думанда тағы бір мәрте көзіміз жетті.
Бақытжан ОМАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.