Тынық мұхиттың ластанған бөлігі 1,6 млн. шаршы метр аумақты алып жатыр. Бұл көрсеткіш Франция аумағынан 2 есеге үлкен. Ал, бұған дейінгі болжамдағыдан қоқыстың көлемі 16 есе көп болып шықты.
Айта кетсек, Тынық мұхиттағы «қоқыс аралы» 1980 жылдары табылған еді. Зерттеушілердің сөзінше, ондағы пластик қалдықтардың 46 пайызы - ескі балық аулайтын торлар. Сонымен бірге, мұнда бөтелкелер мен контейнерлердің бөлшектері де көп кездеседі. Тіпті, 40 жыл бұрынғы пластик заттар да табылып жатыр.
Пластмассаның өте баяу ыдырайтыны белгілі. Олардың ұсақталған ластаушы бөлшектерінің саны триллионға жетті.
Пластик қалдықтар теңіз экожүйелеріне, күллі мұхитқа орасан қауіп төндіріп тұр. Өйткені, мұндай қалдықтармен су жануарлары қоректеніп, сол жануарды тұтынған адам ағзасына да зиянды заттар жетеді. Бірақ, бұл проблемамен күресудің әзірге нақты жоспары жоқ.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ