Мәскеуде рекордтық мөлшерде қар жауды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде рекордтық мөлшерде қар жауды

05.02.2018

Мәскеуде 2 күн бойы толассыз жауған қардың кесірінен 1 адам қайтыс болып, 4 азамат жарақаттанды. Себебі, қалың қарды көтере алмай 2 мыңдай ағаш құлап, электр сымдары үзілген. Сонымен қатар, арнайы қызметтер қарды тазалап үлгермегендіктен, қалада көлік қозғалысы қиындап, ондаған әуе рейстері уақытынан кешікті. Ауа райын бақылаушылардың есебінше, қардың қалыңдығы жарты метрге жуық. Яғни, бұл көрсеткіш бір айда жауатын нормадан 105 пайызға артық. Мамандар, «мұндай омбы қардың жаумағанына 60 жыл болды», - дейді. Табиғаттың тосын мінезінен сақтану үшін Ресей астанасында шұғыл штаб құрылды. Қала басшылығы арнайы ескерту жасап, халықты себепсіз далаға шықпауға, автокөлік мінбеуге шақырды. Ал, оқушылар сабақтан босатылды. Дегенмен, мектептер жұмыс істеп тұр, яғни, баласын оқуға жіберу-жібермеуді әр ата-ана өзі шешеді. Осылайша, сенбіден бері төпелеп жауған қар қарапайым жұртты әжептәуір әбігерге салғанымен, мәскеуліктердің кейбірі, нағыз қысты сағынып қалғанын айтады.

Алексей Новичков, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Ауа райы ертегі сияқты болып тұр, тіпті Жаңа жылда да мұндай тамаша көрініс болған емес. Коммуналдық мекемелер қаланы тазартып жатқанымен, үлгеретін емес. Көлікпен де, жаяу да жүріп-тұру қиын. Бірақ, меніңше, Ресейде нағыз қыс осылай болуы керек.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу