Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

05.08.2019

Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Премьер-Министр өндіріс орындарын, ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды аралады.

Көкшетауда 2020 жылы Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XVII форумы өтеді. Жауапты шараға шаһар дайын болу керек. Сондықтан Үкімет басшысы Асқар Мамин қонақүйлердің жұмысымен танысты. Нысандарда қызмет көрсету деңгейін жоғарылату қажет.

Форум өтетін «Болашақ сарайы» атты нысанның құрылысы биыл басталады. Жоба құны – 6,5 миллиард теңге. Кейін ол балалар мен жасөспірімдердің сарайы ретінде қолданылмақ. Сарыарқа - Көкшетаудағы жаңа шағын аудан. Көпқабатты үйлер 2013 жылдан бері бой көтеруде. Осы уақытқа дейін 33 баспана, яғни 1300-ге жуық пәтер салынған. 1 мектеп пен 1 балабақша бар.

Құрылыс әлі де қарқын алмақ. 2025 жылға дейін 232 көпқабатты үй тұрғызу жоспары бар. Бұл 16 мың отбасы баспаналы болады деген сөз. Премьер-Министр Асқар Мамин құрылысқа жауапты қарап, жұмысты барынша үдетуді тапсырды.

Бибитай Байманова, қала тұрғыны:

Маусым айында 3 бөлмелі пәтер алдық. Барлық жағдай жасалған. Біз ризамыз.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу