Сарапшы: С5+1 саммиті Транскаспий дәлізінің мүмкіндігін арттыруға жол ашады
Ертең АҚШ-та С5+1 форматында өтетін саммите еліміздің логистикалық әлеуетін арттыру бойынша маңызды ұсыныстар жасалады. Сарапшылар осылай болжап отыр. Әлемдік тауар айналымын зерттеп жүрген мамандар Әзербайжан, Армения және Грузия Орталық Азия елдерімен күш біріктіруі тиіс деп есептейді.
Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын тауардың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Соңғы 15 жылда еліміз көлік қатынасын дамытуға 35 млрд доллар инвестиция құйған. Нәтижесінде 5 теміржол дәлізі, 8 транзиттік бағыт, 2 теңіз порты, 25 әуежай салынды. Осылайша Қазақстан транзиттік ел ғана емес, екі континентті жалғайтын логистикалық хабқа айналып келеді. Сарапшылар АҚШ-та өтетін саммитте бұл мүмкіндікті кеңінен пайдаланудың жаңа тәсілі ұсынылуы мүмкін деп топшылап отыр.
Айнұр Тұқымова, ҚСЗИ сарапшысы:
АҚШ-тың сарапшылары айтып жатыр. С5+1 емес С5+3 форматына кеңейтуіміз керек деп. Ортақ дәліз дегенде Әзербайжан, Армения, Грузия кіреді. Зангезур дәлізінің енгізілуі де. Осының бәрі транзитті кеңейтуге жол ашады.
Бұл шешім нәтижесінде шығыстан Ұлы жібек жолымен жеткізілген тауар Ақтау арқылы Бакуге жеткізіледі. Ары қарай Зангезур дәлізімен ұштасып, Еуропаға жол тартады. Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі артып, уақыт қысқармақ.
Сарапшы: Цифрлық серіктестік Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттырады
Жиын барысында цифрлық даму саласына қатысты да келісімдер жасалады, дейді сала мамандар. Қазірдің өзінде Microsoft, HP, Meta компанияларының өңірлік кеңсесі Қазақстанда жұмыс істеп тұр. Amazon Kuiper, SpaceX жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл әлемдік деңгейде жұмыс істеп жатқан компаниялардың Қазақстанға қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Кейін AlemAI, Astana Hub арқылы Орталық Азияның нарығын түгел қамти алады.
Бауыржан Тұрлыбеков, Экономикалық зерттеулер институтының сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:
ІТ және компьютерлік қызметтің экспорты бізде өте қарқынды дамып келе жатыр. 600 млн доллардан астам экспорттық табысы болып жатыр бұл салады. Бұл өте көп. Бүкіл интернет, біздің қолданып жатқан интернет Еуропа мен Америка арасындағы трансатлантикалық байланыспен жүзеге асырылып жатыр. Ол Америкадан келе жатқан сым, оптикалық жүйелер арқылы келгендіктен, оның сапасы, жылдамдығы соған байланысты.
Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 92 пайызы онлайн көрсетіледі. Біріккен ұлттар ұйымының рейтингінде цифрлық даму көрсеткіші бойынша 24-орындамыз. Ал жаңа келісімдер арқылы 3 жылда толық цифрлық мемлекет атану туралы Президент жүктеген тапсырманы орындау мүмкіндігі арта түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы