Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында жаңа көпірдің арқасында қатынас жеңілдеді

Қарағанды облысында жаңа көпірдің арқасында қатынас жеңілдеді

Қарағанды облысы Ғабиден Мұстафин ауылында Нұра өзенінің үстінен жаңа көпір салынды. Бұған дейін тұрғындар іргедегі Теміртау қаласына айналма жолмен қатынап, әбден қиналған еді. Енді жаңа көпірдің арқасында жол екі есе қысқарып, жұрт жол азабынан құтылды. 

Ғабиден Мұстафин кентінің тұрғындары 10 жыл бойы апатты көпір арқылы Теміртауға қатынап келді. Ескі көпір өткен ғасырдың 60 жылдары салынып, мүлде жөнделмеген еді. Үш жылға созылған жаңа көпірдің құрылысы биыл аяқталып, елдің  игілігіне берілді. Ұзындығы 150 метр болатын өткел бойында қазір жаяу жүргіншілер жолағы да бар.

Тұрғындардың басым бөлігі Теміртауда жұмыс істейді. Қаладан келетін автобус  өзеннің арғы бетіне тоқтап, халық апатты өткелден жаяу өтетін. Қазір мұның бәрі артта қалды. 

Бақыт Өскембекова, Ғабиден Мұстафин атындағы кент әкімі:

Осы көпірді халық 10-15 жылдай күтті. Енді көпір ашылған соң қасымыздағы Теміртауға 10, 15, 20 минутта жетеміз. Бұрын қиын болды. Жұмыстарына, оқуға автобуспен барып қайтады.

Бұрын айналма жол арқылы жұрт 40 шақырым жүруге мәжбүр болса, жаңа көпірдің арқасында  жол 12 шақырымға қысқарған.

Аян Шағдат, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Облыстық бюджет есебінен салынған көпір аумағына жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. 7 баған орнатылды. Бастысы көпір құрылысы сәтті аяталып, көлік қатынасы жақсарды.

Ғабиден Мұстафин кентінде 3,5 мың адам тұрады. Қала мен екі ортаға қатынас жеңілдеген соң, халықтың әл-әуқатының жақсаратыны сөзсіз дейді мұндағы тұрғындар.

Бөлісу