Үкімет стратегиялық даму жоспарын мақұлдады

28.11.2017

Бүгін Үкімет отырысында құжат бірауыздан мақұлданды. Жоспар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Сондай-ақ, бұл құжат Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруіне жол ашады.

Жаңа стратегиялық жоспар бұған дейін қолданыста болған 2020 құжатының орнына қабылданды. Өйткені, алдыңғы жоспарда белгіленген мақсат пен міндеттің басым бөлігі орындалды. 2025 жылға дейінгі жоспар Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын жүзеге асырады. Олар - 2050 стратегиясы ұлт жоспары және қоғамдық сананы жаңғырту.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Стратегиялық жоспар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуын айқындайды. Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіруіне, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және экономиканың тұрақты өсуіне бағытталған.

Стратегиялық жоспар экономиканы технология мен экспортқа бағыттайды. Демек, экономикалық өсімнің жаңа моделі пайда болады. Ол үшін 3 негізгі драйвер айқындалды. Оның алғашқысында технологиялық жаңару, цифрландыруға баса мән берілген. Екіншісі, экспортқа бағдарланған салалардың өндіріс көлемін арттыру жоспарланған. Демек, Үкімет өңдеу өнеркәсібін одан әрі индустрияландыру арқылы сыртқы нарыққа отандық жаңа өнімдерді шығарғысы келеді. Үшінші драйверде жаңа индустриялар қалыптастыру және қызмет көрсету салаларын дамыту көзделген. Агроғарыштық қызметтер, инжиниринг, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сияқты өнімділігі жоғары қызметтер экономиканың жаңа өсімін қалыптастыруы тиіс.

Жаңа стратегиялық жоспар Қазақстанға 2025 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіруге мүмкіндік береді. Ол үшін Үкімет халықтың өмір сүру сапасын арттыруы тиіс. Белгілі талаптар да бар.

Үкімет отырысына қатысушылар Ұлттық экономика министрінің таныстырған құжатын қолдады. Өйткені, жоспарда бұған дейін жасалған ескертулердің барлығы ескерілген.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Стратегиялық жоспарды әзірлеуге шетелдік мамандар, консалтингтік компаниялар және дүниежүзі банкінің өкілдері атсалысты. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, бұл құжат жылдың аяғына дейін дайын боулы тиіс еді. Біз бұл жоспарды орындадық. Құжат экономиканың жаңа моделін қалыптастырады және халықтың әл-ауқатын жақсартады. Бастысы – Қазақстан 2050 стратегиясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сөйтіп, жаңа стратегиялық жоспар мақұлданды. Жаңа құжатты түсіндіру жұмыстары Ұлттық экономика министрлігі мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне тапсырылды. Жаңа жоспармен Мемлекет басшысы танысқаннан кейін оны іске асыру жұмыстары басталады. Бәрі уақытылы атқарылған Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарынан көретін күн алыс емес.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу