Еліміздің экономист сарапшылары Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің экономист сарапшылары Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын талқылады

27.11.2017

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен ашық сұхбатқа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те қатысты. Оның сөзінше, алдағы 7 жылға қойылған мақсат – экономиканың қарқынды әрі тұрақты дамуына қол жеткізу, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту.

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары. Құжат 7 реформаға негізделген. Адам капиталын көтеру, экономиканың өнімділігін арттыру, саладағы мемлекет рөлін төмендету және бизнестегі кедергілерді жойып, инвестицияларға көбірек көңіл бөлу. Бұған қоса, жалпы ішкі өнімді арттырып, мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының белсенділігін күшейту.

Меруерт Махмұтова, ҚР «Қоғамдық түйткілдерді сараптау орталығы» қоғамдық қорының директоры:

- Мұнай бағасы төмендеп жатқанда бір ойландыратын жағдай – еліміздің келешегі қандай болады? Мұнай таусылып жатқанда ел ретінде, мемлекет ретінде қандай келешегіміз бар? Экономикамыздың дамуы тұрақты бола ма, тұрақсыз бола ма? Осындай мәселелерді көтеріп отырғанда ел үшін жауапкершілік болатындай ол ең біріншіден азаматтың өзі болуы керек.

Экономиканың тұрақтылығы. Сарапшылардың да айтқаны осы. Яғни, экономика орнықты дамып, ілгері жылжыса - дамыған 30 елдің қатарына қиындықсыз кіреміз. Экономист Олжас Құдайбергеновтың сөзінше, стратегиялық жоспардың маңызды бөлімі - өңірлердің дамуы үшін жағдай жасау.

Олжас Құдайбергенов, Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі:

- Жоба енгізілсе, біздің экономикамыздың ішкі өндірісі көп болады. Тұтыну тауарларын 70 пайыздай импорттаймыз. Ал, бұл бағдарлама арқылы оның деңгейі 40-30 пайызға дейін төмендейді. Біз көбінесе тұтынатын тауарларымызды өзіміз өндіретін боламыз.

Бүгінде жоба талқылаудың төрт деңгейінен өтті. Сарапшылар талдап, халықаралық ұйым тәжірибесі ескерілді, мемлекеттік ұйымдармен де келісілді. Яғни, алдағы 7 жылға дейінгі дамудың жоспары дайын. Тек ел Үкіметі қолдаса болғаны.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу