Үкімет 2021-2023 жылдардың бюджет жоспарын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет 2021-2023 жылдардың бюджет жоспарын мақұлдады

25.08.2020

Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаржы алуға болмайтын көлемге дейін кемуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен 2021-23 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау барысында айтылды. Әлемдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуі жағдайында Қазақстан экономикасының өсуі де тежеледі. Үкіметтің қандай жоспары бар? 

Коронадағдарыстан кейінгі үшжылдықтың бюджеті мұнай құны барреліне 35 доллар деген болжаммен өлшеп-пішілді. Келесі жылы бюджет шығысы 14 трлн теңге болуы мүмкін. Ал табыс, қордан алатын қаржыны есептемегенде 6,9 трлн теңгеге тең. Тапшылық тап осы трансферт арқылы жабылады деген жоспары бар Үкіметтің. 

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов:

- Кепілдендерілген трансфертті 2021 жылы 2,7 трлн, 2022 жылы 2,4 трлн, және 23 жылы 2,2 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылады. 

Бұл ақша әлеуметтік мақсаттарға жұмсалады. Жалпы мемлекет бюджетінің тең жартысы, яғни, 7 трлн-дайы - әлеуметтік шығындар. Экономиканы дамытуға Ұлттық қордан 1 трлн теңге мақсатты трансферт алу жоспарланған. Алайда, ұлттық қор үш жылда жүдеп қала ма деген алаңдау басым.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев:

- Болжам бойынша 2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қор қаражаты тең азаймайтын қалдығына, ІЖӨ-нің 30 пайызына жақындап, ІЖӨ-нің 30,8 пайызын құрайды. Осыған байланысты, 2021 жылы контрциклдік бюджет ережесінің енгізілуін ескере отырып, Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайту үшін шараларды қабылдау қажет болады

Демек келер жылы экономиканың құбылуына қарсы бюджетті жоспарлау шаралары қабылданады. Ол – бюджет шығынын азайтып, салықтық жүктемені жеңілдету, жаңа ақша саясатын қолдану арқылы іске асуы тиіс. Үкімет үнем режимін іске қосады. Бюджеттік жоспар қыркүйекте парламентте таныстырылмақ. Жиында егін орағы ауқаны бойынша да есеп тыңдалды. Карантинге қарамастан, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Биыл 18 млн тонна астық бастырылады деген жоспар бар. Бұл өткен жылдан 1 млн тоннаға кем. 

Азамат Алдоңғар

Хабарламаларға жазылу