Алматы облысындағы Садыр ауылында мал жаятын жайылым жоқ. Тұрғындардың төрт түлігі ауыл іргесінен шықпай, көшелерінде азығын әрең тауып жейді. Ал маңайдағы жайылым жерлер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талан-таражға түскен. Сабыры таусылған Садыр жұрты арнамызға хабарласып, араша сұрады.
Жаны қысылып жан айқайын жеткізіп жатқандар Садыр тұрғындары. 150 түтіні бар шағын ауылдың мал жаяр шаршы метрі де қалмаған. Өзін мал дәрігері маманымын деп таныстырған азамат ауылдың батысындағы жайылымға бидай сеуіп алған. Жер де менікі деп отыр. Бірақ дәлел ретінде құжаттарын дер кезінде көрсете алмады.
Нұрлан Әділжанов, Садыр ауылының мал дәрігері:
2009 жылдан бері менің жерім. 11-12 гектар. Жайылым болғаны рас.
Тағы бір азамат ауылдағы малды жайылымға шығаратын жолды қоршап алған. Тіпті тікенек қоршау қолданып, темір қақпа орнатып, қара құлып салып қойған. «Бұл жолмен жүздеген мал қатар өткенде желінін тіліп, терісін жыртып әрең шыққан»,- дейді садырлықтар.
Жұмабек Жалғасбаев, Садыр ауылының тұрғыны:
Әділдік болсын! Бізге сол әділдік керек. Мынаны кең қылып болмаса ашып берсін. Біздің ауылда әзір бада өрмейді. Мысалы, ауылды сүт ішкің келеді ғой, сиыр ұстағаннан кейін. Қазір бәрі тауға айдайды. Бізде жайлым жер жоқ.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Алақандай ғана ауылдың ауызбірлігі бекем. Қазақ-ұйғыр тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бірақ сол ауызбірліктің берекесін жергілікті атқарушы билік жан-жаққа таратып кетіріп отыр. Ал таудың іргесінде орналасқан ауылдың негізгі кәсібі мал шаруашылығы.
Жайылым жайын білу үшін тұрғындармен аудан басшылығына бардық. Әкімдіктегілердің айтуларынша жайылым қоры жеткілікті. Бірақ халық суы жоқ, тақыр жерде мал не ішіп жейді деп шүйлікті. Ал өріске барар жолдың заңсыз екенін әкім орынбасары енді ғана біліп отыр.
Шухрат Құрбанов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:
Өздері ыңғайлы, бізге осы жер болады деген жерді 300 гектар жерге біз жаңағы шешім шығарамыз. Бағанағы сіз айтқан қоршап алды деген ол — заңсыз. Ол ашады, оны ашқызамыз.
Бұл кездесуде аудан басшылығы 2020 жылы округке қосымша 600 гектар жерді мемлекет қорынан алдыртуға сенім білдірді. Сондай-ақ бір-екі күнде ауылдағы жағдайды өздері барып көздерімен көріп қайтпақ.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ