Түркістан облысында шаруалар мал жаятын жердің тапшылығына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шаруалар мал жаятын жердің тапшылығына наразы

10.03.2024

Түркістан облысында жайылым жер проблемасы өткір тұр. Шаруалар мал жаятын жердің тапшылығына наразы. Әсіресе, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында төрт түлікті жаятын жер қалмаған. Жылда малын көрші ауданға апарып жаяды. Апарып жаятын Келес ауданының жұрты «иә, келе қойыңдар» деп құшақ жайып отырған жоқ. Ол түсінікті де – жайылым оларға да керек. Олардың да малы бар.

Сонымен «өз күніңді өзің көр» дегенге көнген және соған сай әрекетін қылған жұрт, мал жаятын жайылым таппай, дал. Президенттің жер мен жайылым туралы заңға өзгеріс енгізген Жарлығы үміт отын оятқан. Қоғамдық жайылымдар болса, тірлігіміз түзелер деп ойлап отыр. Алайда бұл жерде де сол- тапсырманы бетінен қалқымай тиянақты істеу. «Мынша жер босатып бердік» деп, әрі қарай «не істей дейсіңдер» демей, ылғи назарда ұстап, жүйелі шешу. 

Жетісай ауданы, Жазықсай ауылының тұрғындары төрт түлігін жыл он екі ай қорада қамап ұстайды. Жайылымның жоқтығынан мал басын көбейте алмай отыр. Мәселен, Шағдар Жұматовтың қорасында он шақты сиыры бар. Ол қара малдың қолға қарап қалғанын айтады. Ауылдың жері түгел дерлік егістік болған соң, малды сыртқа шығара алмай қалған. Тек жиын терім біткенін күту керек. Ал жем-шөптің бағасы жылда қымбаттап барады дейді шаруа.    

Шағдар Жұматов, Жазықсай ауылының тұрғыны:

Шөпті жаздыңгүні жинаймыз, сатып аламыз жоңышқаны. Сонымен шөпке де бірталай ақша кетеді. 500-600 мыңдай кетеді. Шиттерді 70-80 мыңнан аламыз малға да.

Жайылым мәселесі Жетісай ауданында өзекті. Мұнда бас- аяғы 104 мың гектар жер бар болса, соның 90 мың гектары суармалы жерлер. Қалғаны үй іргелік жерлер. Яғни ауданда жайылымдық жер жоқтың қасы. Сондықтан жұрт төрт түлікті көршілес аудандарға айдап апарып, бағуға мәжбүр.

Әбіләзім Байтұяқов, Асық ата кентінің тұрғыны:

Кеше союздың уақыты тарқағаннан кейін жайылымның бәрі Өзбекстанға өтіп кетті. Сөйтіп жайылымсыз қалғанбыз. Мысалы менде бір үйір жылқы бар. 15 бас. Сол 15 бас малдың жем-шөбінің өзі 2 млн теңгеден асады. Қалта көтермейді.

Жайылымнан көршілес жатқан Мақтаарал ауданының халқы да қиындық көріп отыр. Айнала мақталық алқап болған соң, малды өріске шығара алмайды. Екі ауданның халқы соңғы 14 жылдан бері төрттүлігін іргелес жатқан Келес ауданына жайып келгенін айтады. Алайда соңғы кезде ондағы тұрғындар сырттан келетін малды кіргізуге қарсы. Себебі, өздеріне жайылым жетпейді. Төзімі таусылғандар жергілікті биліктен мәселемізді шешіп берсін деп талап етті.

Мәулен Таймырзаев, Абай ауылының тұрғыны:

Біз сол 2 мыңнан бастап көпірден өттік. Өткен кезде оларға біз айлық төлейміз, ақша төлейміз деп жүрдік. Енді ол жақтың да малы көбейді. Бұл жақтың да малы көбейіп жатыр. Айланып келген кезде бұл мал уже үйренген ол жерге. Екі айға барып, көктің уақтында жайылып, төлдеп келмесе, дарияға салады. Сөйтіп жартысы өтеді, жартысы ағып кетеді оның.

Абдулла Мейірбеков, Байдала ауылының тұрғыны:

Енді бізге аудан әкімшілігіне барып айтып, бізге осындай мәселемізді шешіп беріңіздер десек, ол кісілер мәселені қарап жатырмыз деп уақытты создырып жатыр. Бірақ енді бір нақты бір шешім болып жатқан жоқ. Жылда өстіп көктемде талас тартыс басталады.

Жиналғандарға екі ауданның басшылығы келіп, халықты сабырға шақырды. Келес ауданының әкімдігімен келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Мақтаарал мен Жетісай ауданынан келетін төрттүлік осы Сырдария өзенінің үстіндегі жалғыз көпірден өтеді. Себебі үш ауданды осы Сырдария өзені ғана бөліп тұр. Қазір Келес ауданының әкімдігі көпірдің кіре берісіне арнайы бекет қойды.

Бекетте ветеринарлар мен полицейлер және бес ауылдық округтің тұрғындары кезекшілікке тұрады. Олар малдың құжаттарын тексеріп, Келесте жері бар мал иелерін көпірден өткізеді. Жері жоқтардың малы кері қайтарылады.

Жүзден аса жылқыны айдап келген шаруаның малы Келес ауданының аумағына өткізілді. Себебі иесінің көрші ауданда жайылым жері бар болып шықты. Ал өзгелерінен тиісті құжаттар талап етіледі. Мал тиелген көліктер де тоқтатылып, тексеріліп жатыр.

Абай Рысбайұлы, Ветеринар:

Бұл жақтан егер келісім болса, бір кісілермен сен бағып бер, мен әкеліп берейін деген келісім болса, ол сол кезде өтуі мүмкін. Бұл жақта жері жоқ, танысы жоқтар өтпейді ол.

Ал Келес ауданы тұрғындарының өз уәжі бар. Айтуларынша Жетісай мен Мақтаарал ауданының тұрғындары малын бей берекет жайып, жерлерді таптап кетеді. Онсыз да жайылымнан таршылық көрдік дегендер жағдай күннен күнге ушығып бара жатқанын жеткізді.

Бақыт Әбдірайымов, Қараөзек ауылының тұрғыны:

Бір бөлімшенің жеріне бүтін бір ауданның малы кіргеннен кейін қырдағы шөп гүлдеген былай тұрсын, гүлдемей тұрып жеп кетеді. Майдың 28-інен кейін жер тып-тықыр болады. Олар кетеді. Ал ауылдың малы анандай болып қалады, топырақ жалап. Мәшинемен жаяды малын, қырдың барлығын өрмекшінің ұясындай қылып жол қылып тастады.

Мәселен Жетісай мен Мақтаарал аудандарының 47 тұрғыны Келес ауданының үш ауылдық округінен 18 мың гектар жайылымды заңдастырып алған. Көктем шықса осы жерге малын айдап әкеледі.

Әуесхан Асқаров, Бірлік ауылының тұрғыны:

Жерді сатып, кірген біраз адамдар. Ал соны пайдаланып, ағайын жекжаты бар, қазір келе береді. Кім болса сол келіп жатыр қазір. Ол жақтан төрт есе, бес есе мал келеді осы жерге. Жылқысы бар, сиыры бар, қойы бар. Жылқы деген мал білесіздер аяғы да жейді оның, аузы да жейді. Жерді таптайды. Соның қоқымын жейді біздің малымыз.

Ауданның атқамінерлері болса жерді заңдастырған шаруалар малын Келеске тіркемеген деп отыр. Сондықтан мақсатсыз пайдаланды деп ауданның жер қорына қайтармақ. Жалпы ауданда мал басына шаққанда жайылым жетпейді. Бүгінгі күнге жайылым тапшылығы 165 мың гектарды құрайды.

Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

Ауданның аумағында заңсыз игерілмей жатқан, мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлердің барлығын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір біршама жұмыстарды анықтап шықтық. Соны осы Жер кодексінің, жайылым туралы заң талаптарына сәйкес ауданның арнайы жер қорына өткізетін боламыз.

Қазір Түркістан облысына 600 мың гектардан аса жайылым жер қажет. Арнайы құрылған комиссия пайдаланылмай жатқан алқаптарды кері қайтарып жатыр. Ортақ жайылым көлемін ұлғайту үшін арнайы қордағы 125 мың гектар жер ауыл тұрғындарына берілмек. Жетісай мен Мақтаарал ауданындағы тұрғындарға да Шардара ауданындағы орман қорынан жер бөлінетін болды.

Ерғали Тілеген, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

Шардара орман қоры жерінен бүгінгі таңда бірінші кезекте 50 мың гектар жер жайылым ұсынылып отыр. Мақтаарал, Жетісай аудандарының тұрғындары жануарларын сол алқапқа, орман қорының алқабына жаюға мүмкіндік алатын болады.

Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі болғандықтан, жайылым проблемасы өзекті. Облыстағы аудандардың басым көпшілігінде мал жаятын жер жетпейді. Мал өрісіне жарымай келген жұрт енді Жер кодексі мен жайылым туралы заңға енгізілген өзгерістерден кейін жайылым көлемі ұлғаяды деп үміттеніп отыр.

 Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу