Дәстүрлі журналистиканың санаулы ғұмыры қалды. Енді 5 жылдан соң ақпарат саласы адам танымастай өзгереді. Германияның Бонн қаласында өткен Deutsche Welle форумында әлемнің жетекші медиа мамандары осындай пікір айтты. Google, Facebook секілді алып компаниялар алдағы уақытта дәстүрлі БАҚ-ты басып озып, әлемдік ақпаратты өз уысында ұстамақ.
Ресми шара бейресми басталды. Үндістердің ұлттық биі Konnakol форумға келген қонақтың қай-қайсысын бейжай қалдырған жоқ. Кейінірек мінберге шыққан спикерлердің бәрі журналистиканың келешегіне алаңдайтынын жарыса айтты. Жылдам жазатын, онысына ақы сұрамайтын роботтармен қалам ұстаған қауым қалай бәсекелес болады? Әлемнің 130 елінен келген делегаттар осы төңіректе пікір алмасты.
Гуйдо Баумхауэр, Deutsche Welle ақпараттық агенттігінің басқарушы директоры:
- Роботтар текст жазады. Алайда, олар адами құндылықтарды сезініп, терең ой қорытуға шамасы жетпейді. Сондықтан көргенін шебер суреттейтін журналистерге қазір де, алдағы уақытта да қауіп жоқ.
София – Сауд Арабиясының азаматы. Ол робот атаулының ішінде азаматтық алған алғашқы гиноид. Жеңіл-желпі диалог құруға қауқарлы. Бұл - болашақтан келген алғашқы сигнал. Келешекте бұданда ақылды жасанды дүние тірі жанмен жарыспақ. Кезінде BBC жаңалықтарын жүргізген диктор, бүгінде Deutsche Welle тізгіншісі Тэрри Мартин жасанды интеллектіні әлі менсінбейтін тәрізді.
Тэрри Мартин, тележүргізуші:
- Иә, өте өзекті сұрақ. Қазір жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Менің ойымша, роботтар тележурналистикаға, соның ішінде жаңалық жүргізуге жуыр маңда келе алмайды. Өз басым роботтарға жаңалық тізгінін беруге дайын емеспін.
Алдағы 5 жылда біз білетін классикалық журналист мамандығы тұңғиық түбіне кетеді. Қазірдің өзінде журналист жаңалық жаршысы «өзі қожа, өзі би» деген монополизмнен айырылып қалды. Қолына смартфон ұстағанның бәрі ньюсмэйкер. Не істемек керек? Көрермен көңілін қозғайтын оқиғалар, журналистік зерттеулер керек.
Ләззат Сүйіндік, ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрайымы:
- Қытай тарапы робот-тележүргізушіге 4 млрд доллар жұмсап, жаңалық оқытқанын білеміз. Сол жасанды интеллект тек 2017 жылы 2 млрд доллар табыс тапқан. Аталған сала дами түседі. Қазақстандық журналистикаға да осы тренд біртіндеп еніп жатыр. Роботтарға кәсіби шеберлігі жоғары мамандар ғана қарсы тұрып, бәсекеге түсе алатынын айтқым келеді.
БАҚ кімнің қолшоқпары, әлеуметтік желінің адамзат өміріндегі рөлі, сөз бостандығы - бұл форумда талқыға түскен тақырыптардың бір парасы ғана.
Ғабит Бөкенбай, тілші
– Flexible ағылшын тілінен аударғанда бейімделгіш, икемді дегенге келіп саяды. Біз үйреніп қалған журналистер тек жазады. Басқаға басын ауыртпайды деген стереотип келмеске кеткен. Өзі оператор, өзі монтажер, өзі жазуы керек. Бір сөзбен, бүкіл шаруаны өзі бітіреді. Міне, жаңа заманның талабы New Challenge осындай.
Ғабит БӨКЕНБАЙ