Отан соғысына аттанып, үйіне оралмаған оғлан Асилия Әрістеевтың денесі Мажарстаннан табылды. Соғыс басталғанда ол небәрі 20 жаста болған. Қарша бораған оқ пен лапылдап жанған оттың арасына барып, ерлікпен қаза тапқан жауынгердің денесін ұзақ жылдар бойы туған-туыстары Германиядан, Австриядан іздеген. Кейін Мажарстанда екені анықталды. Оның артында қалған іні-ұрпақтары туған жердің бір уыс топырағын Мажарстанға апарды.
Белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген Асилия Әрістеев. Ен далаға егелік ету үшін ер мойнында қыл арқан шірімейтіндігін дәлелдеген ержүрек жауынгер Асилия Әрістеев. Ол кіші сержанттан лейтенант атағын алып, 32-ші миномет полкының жауынгері болды. Оған берілген «Қызыл жұлдыз» ордені - өшпес ерліктің, қайтпас қайсарлықтың айқын дәлелі.
Батырымыздың денесі Будапешт қаласынан 30 шақырым жерде жерленген. Оның жақындары осы жерден бір туыс топырақты елге алып кетті, керісінше туған жердің бір уыс топырағын алып келді.
Махамбет Бекмолдаұлы, інісі:
Сол жерде тас қойып, гүл қойып, бір уыс топырақ апардым, мақсатым сол болды.
Мажарстандағы Қазақстан елшілігі Сербия мен Македония аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан отандастырымыздың жерленген жерін іздестіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Өйткені, қазақ елі өз оғландарын ұмытпайды, ерлігін ұлықтайды.
Ермек Жылқайдаров, Қазақстан Республикасының Мажарстандағы елшілігінің үшінші хатшысы:
Сұрау түседі, біз оны зертетйміз. РФ Қорғаныс министрлгігінің өкілдерімен жұмыс істейміз.
Тиннье ауылында 50-ге жуық Кеңес жауынгері жерленген.Олардың көбісінің кім екені белгісіз, ешқандай жазу жоқ, анығы олар Отан үшін отқа түскендер.
Тот Яно Шней, Тиннье ауылының тұрғыны:
1944 жылы 24 желтоқсанда Рождество мерекесі болды, сол кездерде неміс әскерлері келіп, Кеңес әскерлерін бомбалап тастады. Біз әруақтарға құрмет ретінде барлық ауыл тұрғындары осы жерді күтіп ұстаймыз, тазалаймыз.
Өмір мен өлім белдескен сәтте жауларымен арыстанша арпалысып, жолбарысша жұлқысқан Асилия атаның ерлігі әлі талай жылдар, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа қала береді. Өйткені, бүгінгі бейбіт күн үшін біз батырларымыздың алдында қарыздармыз.
Индира БЕГАЙДАР