Теріскейге жыл басынан бері мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал әкелінді. Европаның Австрия, Чехия секілді елдерінен жеткізілген сиырлардың артықшылығы - салмақты тез жинайды, сүтті мол береді, етіне сұраныс жоғары. Жалпы, жыл соңына дейін теріскейге тағы 3000-нан астам ірі қара мал жеткізілмек.
Біржан Шаймерденовтің мал шаруашылығына ден қойғанына 10 жылдан асты. Басында жергілікті сиырларды өсіріп, сүт фермасын құрды. Енді заман талабына сай, экспорттық әлеуеті жоғары асыл тұқымды ірі қара ұстамақ. Осы мақсатта Австриядан 500-ге тарта симментал тұқымды сиыр әкелді.
Біржан Шаймерденов, шаруа қожалығының басшысы:
- Үлкен комплекс салынып жатыр 1000 малға. Әзірге 400 басқа арналған база дайын.
Симментал тұқымды бұл сиырлардың ерекшелігі - тез семіреді. Тәулігіне 1 келіге дейін салмақ қосады. Әрі бұл сиырдың мәрмәр етіне сұраныс көп.
Бір сиырдың құны - шамамен 950 мың теңге. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алған несиені кәсіпкер 15 жылдың ішінде қайтарады. Бұл - шаруаларға үлкен мүмкіндік.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ