Fly Arystan ұшағы Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Fly Arystan ұшағы Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып келді

01.05.2019

Отандық әуе-нарығына жаңа ойыншы келді. Бүгін алғашқы қазақстандық лоукостер - Fly Arystan әуе компаниясы өз жұмысын бастады. Алматыдан ұшып шыққан ұшақ Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына келіп қонды. Билеттердің бағасы 4 мың теңгеден басталады.

Fly Arystan әуе компаниясының Airbus A320 ұшағы түске таяу елорда әуежайына келіп қонды. Роза Бағланованың атын иемденген ұшақ алдымен субұрқақтың астымен жүріп өтіп барып тоқтады. Бүгіннен бастап осындай ұшақтар Тараз, Қарағанды, Оралға ұшады. Осы айда Павлодар мен Шымкентке қатынайтын рейстер ашылмақ.

Бизнес-класс деген дүние бұл ұшақтарда атымен жоқ. Байқағанымыздай, отыратын жер тар емес. Орындықтары да ыңғайлы. Тегін тамақ болмайды. Ақшасын төлесеңіз, ондай қызмет түрі жоқ емес, бар. Мәселен, ірімшіктен жасалған дәмді сэндвич пен шәй 1200 теңге тұрады. Компания ұсынған қызмет ішіндегі ең дәмді өнім - әлбетте сэндвич емес, билет бағасы. Мәселен, Алматыдан бас қалаға жеткізетін билет 7 мың теңгеден бастап саудаланады.

Питер Фостер, Air Astana әуе компаниясының президенті:

- Осы жылдың қазанында үшінші және төртінші ұшақтарды алғаннан кейін халықаралық бағыттарды ашу жоспарланған. Әзірге Орталық Азия, Кавказ және Ресей бағытында рейстерді ұшыруды көздеп отырмыз.

Бұдан бұрын айтылғандай, жүк тасымалы үшін де қосымша ақша төлейсіз.

Өткен жылы елімізде 8 млн жолаушы ұшақ қызметін пайдаланған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Енді бұл көрсеткіш тағы да еселене түсері хақ.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу