Атырауда көктемгі балық аулау маусымы аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда көктемгі балық аулау маусымы аяқталуға жақын

24.04.2019

Су кешіп, ау тартқан балықшылар мол олжаға кенелді. Аймақтағы 18 табиғат пайдаланушы мекеме, жүктелген лимиттің 30 пайыздан астамын ә дегеннен-ақ игеріп тастаған. Жайықты жағалаған шаруалардың хал-жағдайын тілшіміз Жандос Темірғали біліп қайтты.

Желтоқсанда болған Жайықтағы жұттан кейін жұрт тонналап қырылған балықтың орны толмай қала ма деп алаңдап еді. Бүгінде өзен оңалып, ау-қармағын сайлаған балықшылардың күдігі басылды, көңілі орнықты.

Көктемгі науқанда 500-ге жуық балықшы өзенге ау салды. 12 наурыздан бастап олар Жайық-Каспий айдынынан 825 тоннадан астам балық аулады. Ауланған су маржандары арнайы цехқа жеткізіліп, кейін дайын өнім саудаға жөнелтіледі.

Дамба бекеті аумағында 11 балық аулау орны бар. Бұл белгіленген аумақта 9 кооператив ау тарту жұмыстарын жүргізеді. Күніне 4 рет су айдынын сүзетін балықшылар, тонналап олжаға кеңелуде. Олар жыл соңына дейін 15 мың тоннадан астам балық аулауы тиіс.

Қалиден Меделов, балықшы:

- Бір салғанда тоннаның үстінде, 2 тоннаға жақын балық алып тұрмыз. Бұл дегеніңіз, балықтың жүрісі биыл жақсы деген сөз. Кейде балықтың жақсы жүріп кетуіне байланысты, сменамызда 7 тонна кейде 10 тоннаға дейін балық аламыз.

Брендке айналған Бекіре тұқымдас балықтар да ауға түсіп жатыр. Осыған дейін 60 данасы бағалы балық түрін өсіретін қос зауытқа жеткізілді. Кәсіпорында олардың уылдырығы алынып, табиғи жолмен шабақтар өсіріледі.

Балық – жергілікті жұрттың негізгі азығы. Оны мақсатты түрде пайдалану жекелеген кооперативтердің мойнында. Өңірден шығарылатын өнім сапа көрсеткішінде көш бастап тұр. Дайын тауардың 80-пайыздан астамы әлемнің 10 мемлекетіне экспортталады. Жуық арада Қытай еліне де Атыраудың балығы жөнелтілмек.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу