Қалалық жерлердегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер барынша қауіпсіз болуы керек. Алматыда өткен «Сәулет және құрылыстағы қазіргі заманғы үрдістер» атты алқалы жиында мамандар осыны айтты.
Әлемнің әр қиырынан келген білікті сәулетшілер энергия тиімділігі, ақпараттық модельдеу технологиясы, қалалық қоршаған орта мәселелері төңірегінде ой қозғап, пікір алмасты. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында бас қосқан шетелдік және отандық ғалымдардың сөзінше, адам көп шоғырланған мәдени орталардағы қауіпсіздік құрылыстың сапасына байланысты. Осыған қатысты арнайы ортақ стандарт бекітілуі тиіс. Алайда, көптеген мемлекет мұндай ортақ ереженің талаптарын ескере бермейді. Сондықтан талапқа сай емес нысандарда жиі болатын апат кезінде халық зардап шегеді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ