Ұлттық Ұланның қызметкерлері сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық Ұланның қызметкерлері сотталды

27.03.2019

Ұлттық Ұланның үш әскери қызметкері жемқорлықпен ұсталып, темір торға қамалды. Олар Алматыдағы 5571 әскери бөліміндегі тамақтандыру орнынан ақша бопсалаған деп айыпталды. Қылмыстық іс Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің әскери қарсы барлау органдарының шұғыл операциясы барысында анықталған.

Судья соңғы сот отырысын ашық өткізіп, қызмет бабын асыра пайдаланған басшыларды 7 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Атап айтсақ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тыл жөніндегі орынбасары, подполковник Нариман Көпеев 8 жылға, 5571 әскери бөлімінің командирі, майор Марлен Оспанқұлов 7 жылға, осы бөлімнің тыл жөніндегі орынбасары, майор Дархан Шалданбаев 9 жылға сотталды.

Сондай-ақ, әскери шендерінен және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Себебі олар сарбаздарды тамақтандыратын компанияны тексермес үшін ай сайын пара алып отырған.

Дихан Әлиасқаров, әскери судья:

- Бұл істі қараудың өзі өте қиын. Өйткені сарбаздардың жеп отырған тамағының ақшасын жеу - ауыр қылмыс. Оның үстіне әр сарбаздың дұрыс тамақтануы үшін мемлекеттен күніне 1250 теңге бөлінеді. Ал, сотталушылар сарбаздарға арзан әрі нәрсіз тамақ алу үшін ол қаржыдан да жымқырып, керісінше 500 мың теңгеге дейін жалақы алып отырған.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу