Жолаушыларды заңсыз тасымалдаған жолсеріктер жазаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолаушыларды заңсыз тасымалдаған жолсеріктер жазаланды

19.03.2019

Бір жыл ішінде «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының жолаушыларды заңсыз тасымалдаған 100-ден астам қызметкері жазаланды. Антикоррупциялық агенттік теміржол тасымалындағы тәртіпті күшейтуге кірісті. Өйткені мереке қарсаңында пойызға билет алу қиындап, заңбұзушылықтар көбейеді. Сондықтан билетсіз жүретіндерді болдырмау үшін қосымша шаралар қолға алынды.

Мәселен, қолдан билет сататындарды анықтау үшін жолаушылар кейпіндегі агенттік қызметкерлері делдалдармен байланысқа шықпақ. Өткен жылы қыркүйекте енгізілген жаңа жүйенің де оң әсері бар. Мәселен, әлеуметтік маңызды пойыздарға билеттерді алдын ала сатып алу бағасы базалық құнынан 25 пайызға төмендеді. Ал, коммерциялық бағыттарға 35 пайызға дейін арзандады. Осының арқасында жолаушылардың 5,5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туды. Жалпы, жаңа жүйе енгізілген жарты жыл ішінде 1 млн-нан астам адам пойызбен жүрген.

Әлібек Сұлтанов, Клиенттермен жұмыс жөніндегі департамент директоры:

- Биыл біз бірінші кезекте жолаушылармен тікелей байланыста болатын қызметкерлерді оқыту мен жұмысқа ден қоямыз.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу