Оралда көшелер суға толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда көшелер суға толды

18.03.2019

Ал, кейбір аумақта коммуналдық мекеме қар шығарып үлгермей жатыр. Биыл өңірде қар жылдағыдан 8 еседей мол түскен. Қаладағы жер үйлерді су басуы мүмкін. «Бір аптадан кейін өңірдегі трансшекаралық өзендер деңгейі де көтерілуі ықтимал», дейді мамандар. Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары өңірде қалай жүріп жатыр?

Қала тұрғыны ауладағы қарын бітіріп, енді көшедегіні аулаққа тасып жатыр. Техникадан қайыр жоқ. Еріген қар суы үйге кіре ме деп қорқады.

Сергей Самородов:

Әрине, су басады. Мыналардың бәрі саман үйлер. Соғыстан кейін соғылған. Қардың көптігі соншалық, тіпті кәріз жүйелері істен шықты.

Биыл жұрт коммуналдық мекеменің жұмысына өкпелі. Жалпы шаһарда 35 қауіпті аумақ белгіленген. Күн күрт жылынса, әсіресе, жеке үйлер суға кетуі мүмкін.

Нейля Қуанышқалиева, тұрғын:

Көшемізді бірде-бір рет келіп тазалаған жоқ. Сыртқа шығарылған қар аулаға да, үйге де кіреді. Сырттағыны алып кетсе, жақсы болар еді.

Ал, жауапты кәсіпорын басшысының айтуынша, қала аудандары аумаққа бөлініп, тазартылып жатыр.

Қуат Ерсайынов, «Жайық таза қала» ЖШС директоры:

Қала бойынша 179 техника, 317 жұмысшы жұмылдырылды. Қар шығаратын арнайы полигондардың жетеуінен екеуі қалды. Қалғандары толды. Осы көшені тазаладық. Шағым түскен соң тағы қырып, тазалап жатырмыз.

Ал, көлкіген көшелерде қармен бірге асфальт та еріп, шұрық-тесік ой-шұқырлар көбейген.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қаланың бір аумағын әлі қар басып жатса, енді бір ауданда көше суға толды. Көліктер қайықша жүзіп жүр. Тұрғындар мынадай резеңке етіктерін сайлап алды. Бүгін де қар жауып тұр. Яғни, еріген қар суы жұртты әлі де әбігерге салары анық.

Синоптиктер өзендердегі су деңгейі де алдағы аптада көтерілуі мүмкін деп болжап отыр. Қазір сең кептелісін болдыртпас үшін мұз кесілуде.

Жасұлан Жұмашев, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Су тасқыны болады. Көктем болғаннан кейін және биыл қардың жауғаны 3,5 еседен асып кетті. Былтыр 200 мың текше шығарып едік, биыл 1 млн. 366 мың боп кетті. Әлі қыс біткен жоқ, қар жаууы мүмкін. Біз әзір болуымыз керек.

Жалпы, өңірде 87 елді мекенді су басуы ықтимал. Әсіресе, өзен жайылмасында орналасқан ауылдарға қауіп бар.

 

АРДАҚ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу