Бүгін Астанада ауыл шаруашылығы техникасының XIV көрмесі ашылды. Ол жерде ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандар қойылған. Ұйымдастырушылар «бұл көрменің басты мақсаты - шаруашылықты жаңа технологиямен қамтамасыз ету», - дейді.
Бауыржан Ибрагимов үлкен сахнаны ата кәсіп - ауыл шаруашылығына айырбастағалы біраз жылдың жүзі болды. Егін егіп, жер жыртады. Елорда төрінде шымылдығы жаңа түрілген көрмеге техника іздеп келген.
Көрмеге 20 мемлекеттен 250-ден астам өндірушілер келген. Әлемде бар үздік техниканың бәрі осы жерде тұр десе артық емес. Алдағы бірнеше күн бойы олар отандық шаруаларға өз өнімдерін таныстырады. Қазір қолданыста жүрген ауыл шаруашылығы техникасының жартысынан көбі әбден тозған. Сондықтан техниканы жоспарлы түрде жаңарту керек.
Ауылшаруашылық техникасы және жабдығы, жылыжайлар, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, бағбаншылыққа қажетті техниканың сан түрі бар. Әлбетте, мұхиттың ар жағынан келген трактор мен комбайндарға сұраныс жоғары.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласының экономикадан алатын үлесі 11 пайыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, агро сектор алдағы уақытта ел экономикасын алға сүйрейтін салаға айналуы тиіс.
Ғабит БӨКЕНБАЙ