Астана мен Алматы қалалары ТМД туристері ең көп келетін шаһарлар тізімін бастап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана мен Алматы қалалары ТМД туристері ең көп келетін шаһарлар тізімін бастап тұр

12.03.2019

Қазір Астана мен Алматы қалалары ТМД туристері ең көп келетін шаһарлар тізімінің көш басында тұр. Әсіресе, көршілес Ресейдің тұрғындары біздің елге жиі сапарлайды. Дегенмен, дәл іргеде тұрса да, Қазақ даласының көрікті жерлерін біле бермейтін жұрттар да бар.

Сондықтан, Ресей астанасында Қазақстанның туристік мүмкіндіктері таныстырылды.  Мәскеуде өтіп жатқан халықаралық туристік көрме кезінде, 10-нан аса отандық туроператорлар бір павильонға бірігіп, шетелдік туристерді елімізге шақырды. Мәскеуден Нұртас Солтанұлы хабарлайды.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Мәскеу халықаралық туристік көрмесі 25 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан ауқымды шара. Биылғы көрмеге әлемнің 54 мемлекетінен келген 1800 компания қатысып жатыр. Себебі, әлем бойынша қыдыратын ресейлік туристердің саны әжептәуір болғандықтан,  осындай келген әрбір мемлекет ресейліктерді өз еліне шақыруға тырысады. Мәселен, былтыр біздің елде 1 млн 700 мың Ресей тұрғыны демалған. Сондықтан, бұл көрмее Қазақстан да белсенді қатысып жатыр. Ендігі мақсат осы Қазақстанға келетін ресейліктердің санын арттыру.

Қайрат Сәдуақасов, «Kazakhexport» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:

Біз бұл көрмеге жылда қатысамыз. Себебі, Мәскеу қаласы және жалпы Ресей елі біздің басты нарығымыз саналады. Биыл біз Қазақстандағы белсенді демалыс мен гастрономиялық туризмді таныстырып жатырмыз.

Қазір бұл бағыт елімізде жақсы дамып келеді. Мәселен, Қазақстанның қай өңірінде қандай ерекше тағамдарды кездестіруге болатынын көрсететін арнайы карта әзірленді. Ендігі мақсат қазақтың ұлттық дастарханын неғұрлым көбірек насихаттап, сол арқылы туристерді елге шақыру.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Көрмедегі Қазақстан павильонында 12 отандық туроператорымыз өз өнімдерін ұсынды. Олар Қазақстанның көрікті жерлерін көрсетіп, ұлттық дастарханымызбен таныстырды. Сонымен қатар түрлі шоу ұйымдастырып, осында келушілерді барынша қызықтыруға тырысты.

Біздің компаниялар алдағы уақытта өздерінің бірқатар шетелдік әріптестерімен өзара ақпарат және турист алмасу туралы меморандумдарды бекіткелі отыр. Ал жалпы осы көрменің аясында алдағы күндері көптеген конференциялар мен дөңгелек үстелдер өтеді. Ол жиындарда әлемдік туристік нарықтағы тың тенденциялар, өзгерістер талқыланады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу