Өнегелі отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өнегелі отбасы

07.03.2019

Қарты бардың қазынасы бар. Осындай көкірегі даңғыл, көңілі дария қариялардың бірі Атырауда тұрады. 70-тен асқан Қалампыр Құлмұратова ұлттық құндылықтарды дәріптеуші. Білген-түйгенін қолындағы бес келініне үйретіп, ұрпағына ұлағат етуде. 25 немере-жиені мен 2 шөбересі бар. Ісмер әже үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған. Онда жүн түтеді, киіз басады.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған отбасында әр сағат текке өтпейді. Шаңырақтың анасы Қалампыр әжей, қолы қалт ете қалса шеберханасына асығады. Келіндерінің басын қосып, қызу жұмысқа кіріседі. 

Қалампыр Құлмұратова, көпбалалы ана:

- Маған мұны өзімнің анам үйретті. Менің анам сондай өнерлі адам болды.

Қалампыр әже келіндеріне оюлап құрақ құрау, алаша тоқу, киіз басу сияқты жұмыстардың қыр-сырын үйретті. Өзі ысырапқа жол бермейді. Қолда барды мейлінше кәдеге жаратады.

Қарт ана үшін отбасының берекесі бірінші орында. Келін тәрбиесіне қатты мән береді. «Өйткені әр шаңырақтың шамшырағы – әйел»,-дейді әжей. 

Алтынай Сүлейменова, келіні:

- Маған абысыным үйретті. Мен келініме үйреттім. Осылай бір-бірімізге көмектесіп жатырмыз.

Кейуана 8 замандасымен бірігіп «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінде мүше болып отыр. Басты мақсат-бабадан қалған рухани мұраны өлтірмей жандандыру. Осы бағдарды негізге алған әжелер, енді, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағам түрлерін халыққа паш етпек. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу