Алматы облысы - ұйғыр диаспорасының тығыз шоғырланған жері. Қазақ халқымен тілі ұқсас, діні бір ұйғырлар Тәуелсіз елдің ортақ мүддесі үшін еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, дәстүр-мәдениетін сақтап, береке-бірлікте өмір сүруде.
Апиз және Зылихам Жалиловтарды Шонжы ауылында танымайтын ешкім жоқ. Зылихам апа ән-биімен талай тойлардың сәнін келтіріп, асабалық өнерімен халықты тәнті етіп жүрген жан. Ал, отағасы Апиз ауылдастарына сыйлы. Екеуінің отасқанына жарты ғасырдан асты. Қазақтың берекелі жерінде төрт бала сүйіп, олардан 17 немере, 8 шөбере көру бақыты бұйырыпты.
Зылихам апа аудандық ұйғыр этно-мәдени бірлестігінде аналар кеңесін басқарады. Қоғамдық жұмыстарда да өте белсенді. Ұлттық салт-дәстүрін өз ұрпағына дәріптеп үйретуден де жалыққан емес. Елдегі бейбіт өмір әр этностың еңсесін тіктеуге мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан алғыс айту күнінде Зылихам ханымның айтары бар.
Алматы облысы халқының 8 пайызы ұйғырлар. Жетісу өңірінде ұйғыр тілінде оқытатын бірнеше мектеп бар. Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтауға барлық жағдай жасалған.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ