Себебі биыл Шардара мен Көксарайда су өткен жылмен салыстырғанда 1 миллиард текше метрге көп. Сондықтан, дариядағы қорғаныс бөгеттерінің осал тұстары нығайтылып, оған жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары қайта-қайта пысықталуда.
Құтқару жасақтары, сарбаздар, жедел жәрдем көлігі. Қарбалас. Дарияның қорғаныс бөгетін су жырып кетті, арғы бетте қалған адамдар құтқарылуда. Бұл - «Көктем-2019» оқу-жаттығуы. Яғни, төтенше жағдай құрылымдары бір жерге шоғырланды, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындады.
Өзенді өзектей қоныс тепкен 2 мыңнан астам тұрғыны бар Талсуат ауылы да бүгін әбігерге түсуде. Ауылды су басу қаупі бар.
Саид Молдағараев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Қауіпті учаскелердің бірі осы Талсуат болып есептеледі. Сондықтан дарияға елді мекен жақын. Халыққа қауіп төндіретін учаске осы жақ болғандықтан, осы жерден алып жатырмыз. Қаланың тұсында осындай 9 жер бар қауіпті.
Облыс бойынша 99 қабылдау, 79 эвакуациялық бекет бар. Яғни, су тасқыны болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жағы қарастырылған. Бұл - №178 мектепте орналасқан эвакуациялық бекет. Мұнда аналарға, балаларға, үлкендерге арналған арнайы бөлмелер дайындалған.
Рақымжан Садықов, эвакуациялық бекет басшысының орынбасары:
- Мынау - күту залы. Осы күту залына асханада 100 адам бір мезгілде тамақ ішеді. Одан кейін күту залына келіп, осында орналастырылады.
Сырдариядан сең толық өтпей, қауіп сейілмейді. Қазір өзенге Шардарадан секундына 500 текше метр су құйылып жатыр. Ал, Шардара су қоймасының өзінде 4,5 миллиард, Көксарайда 1,6 млрд текше метр су жиналған.
Сақтықта қорлық жоқ. Төтенше жағдай қызметі мен су мамандары дария бойында күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырып, ахуалды назарда ұстап отыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.