Атырау облысында тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді

04.04.2024

Атырау облысындағы Жылыой ауданында 2 ауылға су кірді. Ал Қызылқоға ауданында жағдай тұрақты. Өңірдегі ахуалды толығырақ баяндау үшін әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейітке сөз берейін. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қызылқоға ауданында Ойыл өзені 7 елді мекенге қауіп төндірген болатын, оның 4-еуінде қауіп сейілді. Енді барлық күш Қарабау ауылына жұмылдырылып жатыр. Қазір Жылыой ауданында су тасу қаупі бар. Өйткені ауданға қатынайтын "Доссор-Құлсары" тас жолының кейбір бөліктерін су шайған. Қарағай және Болашақ ауылдарында тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. 200-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Арнайы 14 құтқару пункті белгіленді. 20 мектепте сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. Тасқынмен күреске 60 шақты техника және 2000 волонтер жұмылдырылған.

Гүлнафис Айшуақова, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

Қазір аудан бойынша қауіпті 16 аймақ бекітіліп отыр. Барлық аймақта штаб мүшелері кезекшілікпен бақылау жұмыстарын жасап жатыр. Тұрғындарымызды Құлсары-Атырау бағытында қатынауға мүмкіндік туғызу үшін 5 вагон қарастырылып отыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Мамандардың айтуынша, Ресейдің Иреклі су қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі артуы мүмкін. Бұл алдын ала болжам. Жалпы аймақта 12 гидрологиялық бекет бар. Мамандар олардың көмегімен су деңгейін күн сайын бақылап отыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу