Ақмола облысындағы кәсіпорын Иранға 500 тонна сиыр етін экспорттамақ
Алғашқы партиясы қазір жөнелтілуге дайын. Импорттаушы елдің ет сапасына қойған арнайы талабы да бар. Олардың орындалуын арнайы жіберілген өкіл қадағалайды.
Ирандықтардың қойған басты талабы - малды мұсылман шарттарына сай сою. Ал, бұл кәсіпорын онсыз да халал ет өнімдерін шығарумен айналысады. Заманауи технологиялардың арқасында ірі қараны шамамен 15-20 минутта толық сойып болады.
Сейид Шакир, Иран Ислам Республикасының ресми өкілі:
- Бірінші шарт - басы, денесі құбылаға қарау керек. Содан кейін бауыздайтын адам мұсылман болуы керек. Төрт тамырын кескеннен кейін сол етті біз жей аламыз. Дін заңы бойынша рұқсат беріледі.
Ет екі күн тоңазытқышта мұздатылғаннан кейін сүйегінен еті сыдырылады. Бұл жерде де тазалықты сақтауға барынша көңіл бөлінеді.
Қанатбек Үзембаев, кәсіпорынның бас директоры:
- Әріптестеріміздің талаптарын орындау бізге аса қиынға соғып жатқан жоқ. Әзірге келісімшарт 500 тонна сиыр етіне жасалды. Егер осы жолы сенімдерін ақтасақ, болашақта сұраныстың артатынына күмән жоқ.
Соңғы кезеңде ет арнайы қаптамаға салынады. Оның ішіндегі ауа толық шығарылып, вакуум жасалады. Бұл еттің алыс жолда бүлініп кетпеуін қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын болашақта дәл осындай етті Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
