Қариялар шипажайда тегін демалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қариялар шипажайда тегін демалады

19.02.2019

Павлодарда зейнет жасындағы адамдар тегін демалып, емделетін шипажай бар. Бұл - мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған облыстағы жалғыз мекеме. Жылына 1300-ден аса адамды қабылдайды. Оларды қала мен аудандардағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қадағалап, кезекпен жіберіп отырады.

Шипажай ай сайын 110 адамды қабылдайды. Олар 12 күн демалады. Осы уақытта емдік-сауықтыру шараларының барлық түрі көрсетіледі.

Зауреш Қайыркешқызы, зейнеткер:

- Осы жерге келіп ем алып жатырмыз. Мұнда буындарымды емдеймін деп келдім.

Қариялар мұнда мемлекеттік тапсырыс бойынша келеді. Ол үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тұрғылықты мекенжайы бойынша өтініш жазса болғаны.

Әсем Жұмабекова, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

- Бұл жоба мемлекеттік және жеке әріптестік аясында жасалған. 5 жылға келісімшарт жасалып 347 млн теңгеден аса қаржы қарастырылды. Бір жылда сауықтыруды 1320 адам қабылдай алады.

Мұнда келушілерге медициналық ем-домнан бөлек, табиғат аясында демалу мүмкіндігі қарастырылған. Мәселен, жазда бау-бақша егіп, тоғайдан жеміс-жидек теріп қайтуға болады. Ал, қыста өзен бойын жағалап, серуен құруға, шаңғы тебуге болады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігі сол, бюджетке түсетін ауыртпалық азайды. Тағы бір ұтымдылығы демалушылар саны артты. Ал, инвестор өзінің орындаған міндеттемесіне сай мемлекет кепіл беретін жеңілдіктерді пайдалана алады.

Ирина Селищева, «Черноярка маржаны» шипажайының директоры:

- Біз осында келетін адамдарды жақсы көреміз. Оларға қамқорлық қажет. Сіз сенбеуіңіз мүмкін, осы жерде тағдыр қосып, үш бірдей отбасы құралды.

Қарияларды қадірлеу керек. Бұл - ұрпаққа үлгі болатын іс.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу