Ақтөбе облысында ең соңғы балалар үйі жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында ең соңғы балалар үйі жабылды

19.02.2019

Осыдан 10 жыл бұрын Алға балалар үйінде 600-ге жуық бала болған. Жыл өткен сайын олардың саны азайды. Тек былтырдың өзінде 128 бала жаңа отбасын тапқан. Балалар үйінде қалған соңғы 14 бала «Аяла» қамқорлық орталығына орналастырылды.

Мәдина - Алға балалар үйінде қалған 14 тәрбиеленушінің бірі. Ақтөбедегі орталыққа келгелі бір ай ғана. Дегенмен, жаңа ортаға тез бейімделгенін айтады. Озат оқушы болашақта дәрігер болуды армандайды. Сондықтан бос уақытын тиімді пайдалануға тырысады.

Мәдина Сәбитова, «Аяла» орталығының тәрбиеленушісі:

- Алғадан көшіп келгенде бізді жылы шыраймен қарсы алды. Тәрбиешілер де, тәрбиеленушілері де бізге қатты ұнады. Дәрігер мамандығын меңгерсем деймін. Химия-биологияны таңдадым. Соған дайындалып жатырмын.

Бұл орталықта балалар үйінен келгендерден бөлек, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының 19 тәрбиеленушісі тұрып жатыр. Олардың ең кішісі 3 жаста ғана болса, үлкені 17-ден асқан. Балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға және медициналық, психологиялық қолдау көрсету үшін жағдай жасалған. Мамандық таңдауларына және өз бетінше өмір сүрулеріне арнайы мамандар көмектеседі.

Өмірбек Нұрғазыұлы, «Аяла» орталығының директоры:

- Балалар үйінен айырмашылығы – балалар өздігінен мектептерге, жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Бейімділігіне байланысты, әр баланың өзінің икеміне байланысты спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге, өнер мектептеріне барады.

Қазір облыс бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1011 бала бар. Олардың 799-ы қамқорлықта және қорғаншылықта, 106-сы патронаттық тәрбиеде. Тағы 106 бала отбасы типіндегі немесе басқа да балаларға арналған мекемелерге орналастырылған. Өңірде балалар үйі түлектерінің де мәселесі толығымен шешілді деуге негіз бар.

Қайрат Алдажаров, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- «Мейірім» орталығында 80 пәтерлі ғимарат бар. Тиісті спорттық алаңдары бар. Орталық балалар үйі түлектерін жұмысқа орналастырады және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшоты толықтырылады. Бүгінгі күні 995 балаға бекітілген компаниялардан есепшоттары 191 миллион теңгеге толықтырылды.

Орталықта қазір 33 бала тұрып жатыр. Сегізі биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам баспақ. Бір қуанарлығы, олар ел дамуына үлес қосып, қоғамның мақтаулы азаматтары боп шығарына нық сенімді.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу