Ақтөбеде ең ескі балалар үйі жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде ең ескі балалар үйі жабылды

28.11.2018

Ақтөбе облысында 100 жылға жуық жұмыс істеген елдегі ең ескі балалар үйінің бірі жабылып, оның орнына мүгедек балаларға арналған демалыс орны ашылған. Бұл туралы бүгін Астанада тілшілермен кездескен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Өңір басшысы Жолдауда жүктелген міндеттер мен тарифтерді төмендету, ақтөбеліктердің тұрмыс сапасын арттыру жайлы ақпарат айтты.

Алға ауданында 1927 жылы құрылған балалар үйінде 3 жыл бұрын 400 бала болыпты. Олардың барлығын билік пен бизнес бірге қолдап, ел қатарына қосыпты. Соңғы 50 шақты баланы патронат отбасыларға берсе, жасы үлкендерін қалталылар мен әкімнің өзі бастаған ел ағалары қамқорлығына алған.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

- Менен бастап барлық мемлекеттік қызметкерлерге солай бекітілген. Үшжақты келісімшартқа тұрады, балаға есепшот ашылады, қамқоршысы немесе демеушісі өзінің мүмкіндігіне қарай соған ақша салады.

Қараусыз қалған қарттар мәселесі де өңірде оң шешілген. Облыстағы жалғыз қарттар үйіндегі қариялар саны биыл айтарлықтай азайған.

Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе облыстық Ішкі саясат басқарамасының басшысы:

- Қарттар үйіндегі тұрғындар саны жыл сайын азайып келе жатыр. Мысалы, былтырғы жылмен салыстырғанда биылоблыс бойынша 18-ге азайды.

Жағдайды жүйелі реттеу үшін халықтың тұрмыс деңгейін арттыру маңызды. Өңір экономикасы биыл төрт пайыздай өсім көрсеткен. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сай осы айдан бастап жылу мен суға, электр энергиясы мен газға тариф 12 пайызға дейін төмендеген. 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу