Соңғы 30 жылда Қазақстандағы қар барысының саны 2 есеге кеміген (Арнайы репортаж) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 30 жылда Қазақстандағы қар барысының саны 2 есеге кеміген (Арнайы репортаж)

13.02.2019

«Қар барысының жер бетінен жоғалып бара жатқанына адамдар кінәлі». Бұл жануартану институты мамандарының пікірі. Дүниеде 12 мемлекеттің территориясында 6000-ға жуық барыс бар. Оның 100-ден астамы Іле Алатауы, Жоңғар Алатау, Алтай, Тарбағатай тауларын мекендейді.

Әлі күнге дейін олардың нақты саны белгісіз. Бұған, қар мысығының құздың басында, көзден таса тіршілік етуі себеп. Қазақ елінің символы саналатын қар барысының ізімен әріптесім Ғабит Бөкенбай мен Олжас Берікбаев арнайы экспедицияға барып келді. Зер салайық. 

Бағымызға орай биыл қар әдеттегіден аз түскен. Бұл - солтүстік Тянь-Шань таулары. Бағытымыз қар барысының мекені. Бізді биік шың, құлди құз, сүрлеуі жоқ соқпақ күтіп тұр. Мақсат – жалғыз. Қар барысын көзбен көру.

Жолсеріктеріміз Алексей мен Салтөре. Қазақстанда қар барысына жаны ашитын екі адам болса, соның екеуі бізбен бірге. Екеуі де «тау біздің тағдырымыз», дейді. Енді, оны ештеңеге айырбастамақ емес.

Алексей Грачев,  жануартану институтының аға ғылыми қызметкері:

Ғалымдар қар барысының орман ішінде өмір сүретініне таң қалады. Өйткені, барыс биік таулардың шыңында, ашық-алаңқай аумақта өмір сүретін аң.

Қар барысы - сиреп кеткен, өте сирек кездесетін жануар. Қазақ елінде қалған ілбістің саны 100-шақты ғана. 30 жыл бұрын оның саны 200-ден астатын. Қалғанын құртып алмау қажет. Барыс – жұмбақ жыртқыш. Өте сақ. Адамнан аулақ жүреді.

Алексей Грачев,  жануартану институтының аға ғылыми қызметкері:

Оны көзбен көру мүмкін емес. Өте құпия тіршілік құратын жыртқыш. Қазірдің өзінде биік құздан немесе жартаста бізге қарап жатуы мүмкін. Біз оны көре алмаймыз. Өйткені, оның жүні де қоршаған ортамен үйлесіп тұр. Барысты тау-тас тұрмақ, қар үстінен көру қиын.

Қар барысына қауіп қайдан? Қарап отырсақ, қауіптің бәрі қару асынған адамнан. Браконьерлер бұл. Екіншіден, жыртқышқа қорек жетпейді. Үшінші себеп таудағы экожүйе бұзылып барады. Курорт, шаңғы базасы, зәулім сарайлар салынған аумақтан аң атаулының безіп кететіні бесенеден белгілі.

Ғабит Бөкенбай, тілші:

Біз қазір теңіз деңгейінен 3500-4000 метр биіктікте жүрміз. Қарсы барысы өмір сүретін мекен осы маң. Арқадан келіп, Алатаудың бөктеріне өрмелеу оңай емес. Алайда, қар барысын жолықтыру одан да қиын. Сондықтан, мақсатымызға жету үшін ары қарай өрмелей береміз.

Алексей аңшы емес. Бірақ аң-құсқа құмар. Оның әкесі, атасы жануарлар әлемін зерттеген ғалымдар. Бала кезінен тау-тас кезіп өскен. Соңғы бес жылдан бері таудан түскен емес. Қар барысын зерттеу оның өмірлік кәсібі.

Алексей Грачев,  жануартану институтының аға ғылыми қызметкері:

2015 жылы барысты алғаш рет көрдім. Шамамен 20 метр жерден. Біз сол маңайда фото-қақпан құрып жатқан едік, қайдан келгені белгісіз барыс пайда болды. 3-4 секунд бір-бірімізге қарап тұрдық. Мен фотоға түсіруге ұмтылдым. Бірақ, үлгермедім. Ал, екінші рет жазда көрші таудың бөктерінен екі нүктені көрдік. Дүрбі тартсақ екі қар барысы екен.

Қар барысы негізінен Гималай, Памир, Аличур, Тянь-Шань, Іле Алатауы, Алтай тауларын мекендейді. Әрі бір жерге көп тұрақтамайды. Көсілгенде мыңдаған шақырым жерге кетіп қалады. Барыстың сирақты қысқа болса да, 10 метрге дейін қарғи алады. Есесіне, құйрығы ұзын. Онысы аң аулаған кезде бағытын айқындап береді.

Ғабит Бөкенбай, тілші:

Тәуешкі қар барысының негізгі қорегі. Анау жартастан төмен түскен іздер тәуешкіге тиесілі. Өз қорегін іздеген барыс осы маңда жүріп өтуі мүмкін. Зоология институтының мамандары осы маңда фотоқақпан қойған. Соны тексеріп көреміз.

Салтөре – фотограф. Оның объективіне талай жануар түскен. Бірақ, барыстың жөні бөлек. Кейіпкеріміз 13 жылдан бері қысы-жазы тау-тасты аралап жүр. Осы уақыт ішінде бар-жоғы түз тағысын екі-ақ рет суретке түсірген.

Салтөре Сапарбаев, жануартану институтының ғылыми қызметкері:

Үш ай бұрын, қазан айында қойғанбыз. Қар түскенде. Бүгін тексереміз.

Барысты зерттеудің жалғыз жолы - фотоқақпан. Фото айғақ арқылы барыстың санын, оның жынысын ажыратуға болады. Ал, фото құрылғының басты жауы – аю. Ол қақпанды тапса, түбімен жұлып алып жоқ қылады. Бір маусымда шамамен оншақты камера жоғалады. Ең арзан аппараттың құны 300 доллар.

Таза ауадағы 36 сағат қас-қағым сәтте өте шықты. Өкінішке орай, ілбіс кезікпеді. Әлбетте, өрлегеннен гөрі құлдилау қиын. Ендігі үмітіміз фотоқақпанда. Үміт алдамады. Барыс суретке де, видеоға да түскен. Бұл – бұрын-соңды байқалмаған ілбістің ұрғашысы екен. Оған «Тина» деп ат қойып, айдар тақтық. Жалпы, алдағы уақытта әрбір барыстың жеке төлқұжаты болмақ. Әрі  мойнына GPS-і бары чип орнатылмақ.

Ержан Еркінбаев, «Snow Leopard Foundation» халықаралық жеке қорының директоры:

Біз қазір жер жүзінде ешкім іске асырмаған жобаны қолға алдық. Қар барысының санын көбейту үшін қолдан өсіріп, табиғатқа жібереміз. Бұл жерде салмақ ғалымдарға түспек. Жобаны әлемнің үздік қорлары мен институттары қолдап отыр. Бір сөзбен Қазақстанда да қар барысына шынайы жаны ашитын адамдар бар екенін халықаралық қауымдастық білді.

Қор табиғат жанашыры Нұрәлі Әлиевтің қолдауымен құрылған. Болашақ питомниктің орны ретінде Алма-арасан шатқалынан 512 гектар жер таңдалған. Ғылыми экспедицияны қор қаржыландырады. Бұл сапар елде бар барыстардың нақты санын анықтауға сеп болмақ. Мұның бәрі әзірге тек жоспар. Жүзеге асып жатса, жұртқа жарияланады. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Қар барысының жағдайын біраз дұрыстап алдық. Алдағы уақытта ол жоғалып кетпейді. Біз ұрпақтарға тек кітапта емес, табиғатта сақтап қаламыз деген сенім бар.

«Барысты сақтап қалайық». Бұл - жалаң ұран емес. Бұл - сіз бен біздің жер бетіндегі негізгі миссиямыз. Әйтпесе, ақ бас таулардың патшасы құрып кетудің аз алдында тұр.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу