Қарағанды облысында мектеп жабылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында мектеп жабылып қалды

13.02.2019

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Қызылжар ауылының мектебі жабылып қалды. Үш күн бойы сабаққа бармаған оқушылар бүгіннен бастап он шақырым жердегі көрші ауылға  қатынай бастады.

2015 жылы көктемде су  басқан ғимарат қанша жөнделгенімен, ақыры жарамсыз болып шықты. Оқу жылының ортасында мектепсіз қалаған ауыл тұрғындары енді жаңа білім ошағын салып беруді сұрайды. 

Бірнеше ай бұрын ғана бастан-аяқ жөнделген мектептің сиқы адам көргісіз. Қабырғасы көгеріп,  едені шіріп кеткен. Қолқаны қапқан ащы иіске шыдай алмаған соң ұстаздар сабақты тоқтатуға мәжбүр болған.

Күләй Қуанышқызы, ата-ана:

Грибок деген пайда болды. Содан бері 5 ай болды балаларымыз қазір ауырады. Мектептен келгенде қызарып ісіп, денелеріне жара шығады. Үш күн оқу болған жоқ. Өйткені, комиссия келді де тексеріп, балаларыңызды уақытша Ростовкаға апарып оқытасыздар, деді.

Бала  денсаулығының сыр бере бастағанын ата-аналардың бәрі сыз тартқан мектеппен байланыстарды. Мәселен, 6-шы сыныпта оқитын мына оқушы қыздың денесіне бөріткен қаптап кеткен.

Самал Амангелді, ата-ана:

Дәрігерлерге көрсеттім. Мұның диагнозын айта алмады. Қазір енді ойлап отырсам осы мектептен шыққан.

Осыдан төрт жыл бұрын көктемгі  тасқын  кезінде  мектеп бірнеше күн бойы су астында қалған болатын. Содан бері ата-аналар әкімдіктен басқа білім ғимаратын салып беруді өтінген. Алайда, билік өкілдері ғимарат жарамды, - деп жамап-жасқаған. Оған 82 миллион теңге қаражат жұмсапты. Алайда, оқу жылының ортасында балалар далада қалды. Қыстың көзі қырауда оқушылар ондаған шақырым жердегі көрші ауылға қатынамақ.

Саят Солтанов, мектеп директоры:

Балаларды мына көрші мектепке 5-11 сыныптарды тасымалдау болады. Осы жұмыстар аяқталғаннан дейін қайта алып келеміз. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Денсаулығына байланысты. Мұндайда біздер қалай оқимыз? Бізде оқу жүру керек.

Ал, бастауыш сынып оқушылары ертеңнен бастап мектеп жанында орналасқан балабақша ғимаратында оқиды. Мектепті жөндеген мердігер компания бар шығынды мойнына алып, жөндеу жұмыстарына қайта кіріспек. Екі аптадан кейін ескі мектепке оқушылар қайта оралады.     

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу