Түркістан облысында жас мамандарға үй берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жас мамандарға үй берілді

08.02.2019

Түркістан облысында жас мамандарға қолдау көрсетілуде. Шалғай ауылдарда маман тапшылығын шешу мақсатында жоғары оқу орнын бітіріп шыққан 28 жас дәрігерге баспана берілді. Олардың дені хирург, терапевт, балалар дәрігері және акушер-гинеколог мамандығын игеріп шыққан. Тұрмысы жайланған жас дәрігерлер енді ұлт сауылығы үшін алаңсыз еңбек етуге кірісті.

Жанат ауруханада онколог дәрігер болып жұмыс істейді. Алматы қаласында жоғары оқу орнын бітірген жас бірден өзі туып өскен шалғайдағы Шардараға келіп жайғасты. Алғашында хирург болған ол, қазір бөлім меңгерушісі. Жас отбасы жуырда жергілікті биліктің көмегімен баспаналы болды.  

Жанат Бақытова, онколог дәрігер:

- Өзімнің туған жеріме қызмет етуді таңдадым. Себебі, мұнда да халық бар. Негізі, ауданда тәжірибе жинап алуға болады. Біз секілді оқу орнын енді бітірген жас мамандар ауылда жұмыс істеуі керек.

Былтыр ғана отбасын құрған Ерлан мен Құндыз да еңбек жолын ауылдан бастағанды жөн көрді. Отағасы отбасылық дәрігер, ал, жұбайы акушер-гинеколог. Олар аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер алып, жыл басында қоныс тойын өткізген-ді. Осыдан екі апта бұрын тұңғыштары дүниеге келіп, қуанышы еселенді. 

Ерлан Әлібеков, отбасылық дәрігер:

- 20 күн болды, кішкентайлы болдық. Үйде тұрып жатырмыз. Кішкентайымыз өсіп,  өніп жатырмыз. Кәдімгідей қаладағыдай жағдай жасалған. Ыстық суы, жылуы бәрі бар. Жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар.

Шардарадағы орталық ауруханаға былтырға дейін 48 маман жетіспейтін. Осындай әлеуметтік қолдаудың арқасында қазір бар болғаны 6 дәрігердің ғана орны бос тұр. Орталықтағы 14 жас маманға қызметтік пәтер, ауылда жұмыс істейтін 9 дәрігерге 0 пайыздық несиемен үй-жай берілді. Мамандар қатары толыққан соң бүгінде сырқат  азайып, емдеу ісі жақсара түсті.

Жанар Оспанова, Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Түтікшелі сүйектер сынған кезде екеуін жалғастыратын қондырғы алынып, соны өз ауруханамызда жасауға мүмкіндік туды. Компьютерлі томограф аппаратын алғалы отырмыз. Ол кезде бас миы, ішкі ағзалар, геморагиялық инсульттан болатын өлім-жітім азаяды.

Былтыр сондай-ақ, орталықтан алыс, барыс-келісі қиын 13 ауылға медициналық тірек салынды. Осылайша, аудандағы барлық елді мекендерде медициналық қызмет көрсету орындары пайда болды. Енді дәрігерлердің біліктілігін арттыру, олардың тәжірибесін молайтуға айырықша көңіл бөлініп отыр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу