Елімізде жоғалған балықшылардың қатары азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жоғалған балықшылардың қатары азаймай тұр

08.02.2019

Жоғалған балықшылардың қатары азаймай тұр. Қыс түскелі  Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында екі балықшы суға кетті. Жалпы, көл жағасында балық аулап, жан бағып отырған бірнеше ауыл бар. Мұз қатқан тұста олар өмірлерін қатерге тігіп, табыс табуға тырысады. Қайғылы оқиғалардың алдын алып, көлдегі сақтық шараларын ескерту үшін құтқарушылар ауылдарды аралауға мәжбүр. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кезекті рейдтік шарасына біздің түсіру тобы да қатысты.

Бұл Мұқан Төлебаев ауылы. Облыс орталығынан 250 шақырым жерде орналасқан елді мекен халқының басым бөлігі балықпен жан бағады. Ал, қазір көлде көксерке жүріп жатыр. Еті экспортқа жарамды балықты аулап қалу үшін балықшылар күн-түн демей мұзға шығады. Екі ай бойы басын қатерге тігіп тапқан табысын жыл бойына азық етеді.

Бекнұр Бекенов, балықшы:

- Мұздың үстіне шыққанда сақтанасың. Қауіпсіздік ережелерін сақтайсың. Мұз қалыңдағанда шығасың. Жұқа мұз болғанда шықпайсың. Абайлап жүресің.

Үй-үйді аралаған құтқарушылар санаулы балықшымен ғана кездесті. Көбі көлге шығып кеткен. Алайда, ауыл маңындағы Лепсі өзенінің бойында әуесқой балықшылар көп жиналыпты.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Құрметті азаматтар, мұз үстінде абай болыңыздар! Мұздың үстінен өткенде, мұзда балық аулаған кезде, сақтық шараларын сақтап, қауіпсіздік талаптарын орындаңыздар! Дәл осылай құтқарушылар балықшыларға ескерту айтып, қайғылы оқиғалардың алдын алуға тырысады. Алайда, осы сөзге құлақ асу-аспау балықшылардың өз еркінде. Сол бір немқұрайдылық қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.

Рауан Әмірхан, облыстық ТЖД Құтқару жасағының бөлімше басшысы:

- Қаңтар айында Жамбыл ауданы Үлкен ауылдық округінде төтенше жағдай орын алды. Ол жерде балықшылар жұқа мұзға автокөлікпен шыққан. Салдарынан автокөлік мұзға түсіп кетіп, бір адам қаза тапты.

Алматы облысының өзен көлдерінің басым бөлігінде қазір осындай көрініс. Нәпақасын балықтан тауып отырған кәсіпқой балықшылардың қатарын әуесқойлар еселеуде. Десе де, ереже бәріне бірдей дейді құтқарушылар.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу