Көкшетауда бірнеше нысанның қолданысқа берілуі мерзімінен кешігуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда бірнеше нысанның қолданысқа берілуі мерзімінен кешігуде

06.02.2019

Өткен жылға жоспарларған жұмыстар орындалмаған. Нәтижесінде шаһардағы шаңғы-роллер жолағы бар саябақты жөндеуге және оқу-тәрбиелік кешеннің құрылысына бөлінген қаржы игерілмей қалды.

Саябақтың осылай астаң-кестеңі шығып жатқанына 2 жыл болды. Жөндеу жұмыстары желтоқсанда бітуі тиіс еді. Алайда, іс өнбей бөлінген 395 миллион 598 мың теңгенің 300 миллионы игерілмей бюджетке қайтарылды. 

Қайрат Әміржанов, қала тұрғыны:

- Мына жерде 2 жылдай бұрын жөндеу басталып еді. Сол созылып кетті. Тезірек бітірсе жақсы болар еді. Қыста шаңғы теуіп, жазда қыдырып, демалуға жақсы болар еді. 

Мына білім ордасының да құрылысы кешеуілдеп кетті.  Бұл маңда басқа мектеп жоқ. Тұрғындар балаларын басқа ауданға тасып, табаннан таусылып жүр. Былтыр бұл нысанның құрылысына 520 миллион 687 мың теңге бөлінген еді. Оның 300 миллионы уақытылы игерілмеді.   

Есен Сәбитов, қала тұрғыны:

- Мектеп салынады дегеніне 4 жыл болды. Салынған жоқ. Әлі бітпей жатыр. Балаларымызды қалаға апарамыз. Алыс. Кейбір кезде мына жерден автобустар өтеді, тоқтамайды. Кейбір кезде балаларымыз сабақтан қалады.

280 орындық жаңа балабақша да желтоқсанда бүлдіршіндерді қабылдау керек еді. Бірақ, жоба авторлары мен құрылысшылар арасындағы келіспеушілік кесірінен бұл нысан тек биыл күзде қолданысқа беріледі.   

Мырзабек Мырзахметов, Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі:

- Саябақтағы жөндеу жұмыстарының кешігуіне жобаға енгізілген түзетулер себеп. Бастапқы нұсқаға жаңа архитектуралық нысандар қосылды. Сондықтан, құны да қымбаттады. Ал, оқу-тәрбиелік кешенге келетін болсақ, ол жерде іргетастың астындағы топырақ төмен түсіп кетті. Сондықтан, түзетулер енгізіліп, қаржы уақытылы игерілмеді. Бүгінде құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Осылайша, үш нысан да жоспарға сай халық игілігіне берілмеді. Мектеп пен балабақшадағы жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Ал, саябақтағы жөндеудің қашан бітері  белгісіз.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу