Құтқарушылар халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құтқарушылар халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте түсті

05.02.2019

Осы оқиғадан кейін құтқарушылар халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте түсті. Қаланың жеке тұрғын үйлер шоғырланған аудандарына барып, қауіпсіздік ережелері жазылған парақшалар таратты. Пештердің орналасқан жерлері мен жағдайларын тексерді. Рейдке қатысқан тілшіміз толықтырып айтады.

Астананың агроқалашық атанып кеткен ауданы бұл. Алғашқы барған бірнеше үйге кіре алмай аңырап қалдық. Қақпаны қанша қақсақ та ешкім ашпады. Өз еркімізбен кірейік десек, бос жүрген ит мүмкіндік бермеді.

Бірнеше үйге кіріп те көрдік. Байқағанымыз, жаңа салынған баспаналар барлық талаптарға сай келеді. Ал ескі үйлерге кіріп, еңсеміз түсті. Мәселен, мына үй қарапайым тұрғын үй ретінде тіркелген. Ішіне кірсек, бірнеше отбасы жатақхана ретінде жалдап тұрып жатыр. Ал, қауіпсіздік шаралары туралы тіпті айтудың өзі артық.

Жалға берілген тағы бірнеше ғимаратты көрдік. Бірінде пеші, бірінде тоқ сымдары қауіпті.

Гаухар Дүйсенбайқызы, қала тұрғыны:

Жеке от жағамыз. Осымен 10 бөлме жылиды.Осы жерден 1 жерден жағамыз.

Жылыту пешін бөлек орналастырғандардың өзі қауіпсіздіктің қарапайым ережелеріне көңіл аудармапты. Ал төтенше жағдайлар мамандарының оларды жазаға тартуға еш құқықтары жоқ.

Еркін Отарғалымұлы, Астана қаласы Байқоңыр ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

Егер де біздің қызметкер үй иесі рұқсат беріп үйіне кіргізетіндей жағдай болса үйінде ақаулықтар анықталатын болса, біз тек қана үгіт-насихат, түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Бүгінгі таңда заңмен және өз еркімізбен үйді тексеруге біздің құқығымыз жоқ.

Қыс басталғалы Астанада 285 өрт болған. Оның 68-і жеке тұрғын үй секторында. Салдарынан 7 адам қаза тауып, тағы жетеуі жарақат алған. Ал, сайып келгенде әр адам өз қауіпсіздігіне өзі ғана жауапты.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Пеш жағатын үйлерде мынадай ережелер сақталған дұрыс. Мәселен, мынадай тез жанатын нәрселер пешке тым жақын сақталмауы керек. Көбінесе тұрғындар осындай жерде отындарын кептіреді. Аяқ киімдерді дәл осылай пешке тым жақын орналастырып кептіруге болмайды. Себебі, олар бір сәтте тұтанып өрт тудыруы мүмкін. Осындай қарапайым ғана ережелер сіздердің өмірлеріңізді құтқаруы әбден мүмкін.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу