Басты Жаңалықтар Мемлекеттік қызметкерлердің артық жұмыс істеу уақыты соңғы жарты жылда 3 есеге азайды

Мемлекеттік қызметкерлердің артық жұмыс істеу уақыты соңғы жарты жылда 3 есеге азайды

2018 жылдың қыркүйек айында республика бойынша мамандар 13 мың сағатқа жуық артық жұмыс істесе, жыл соңында бұл көрсеткіш 3 мың сағатқа дейін азайған. Жұмыс уақытын реттеу туралы тапсырманы Елбасы қазан айындағы Жолдауында жүктеген болатын.

Төрегелді Айнабеков Мемлекеттік органдарды цифрландыру басқармасында жұмыс істейді. Бұрынғыдай қауырт жұмыстың қызуымен кеш батқанша кеңседе отырмайды. «Қызметтегі уақытым реттелгеннен кейін, күнделікті өміріме, бала тәрбиесіне бөлетін уақытым едәуір артты», деп қуанады ол.

Төрегелді Айнабеков, Мемлекеттік органдарды цифрландыру басқармасының бас сарапшысы:

- Қазір мен аптасына 3 рет жаттығу залына барып жүрмін. Қалған күндері үйде боламын. Отбасыма көбірек көңіл бөлемін. Балам да риза. Өзім де ризамын. Отбасым да риза.

Қазір мемлекеттік қызметтегілер жұмыс күнін алдын ала жоспарлайтын болған. Әрбір тапсырманы белгілі орындауға дағдыланған олар кешке еш уайымсыз үйлеріне қайтады. Дәл осындай жұмыс үлгісін қалыптастырғандардың бірі Эльмира Зайнуллина. Күн тәртібін құруға мүмкіндік алған ол өзін дамытуға ерекше көңіл бөліп жүр. Аптасына 2 рет ағылшын тілі курсына барады.

Эльмира Зайнуллина, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитетінің бас сарапшысы:

- Бұрынғы уақытта осындай курстарға жазылғанмен, өз уақытында жұмыстан шығып келуге мүмкіндік бола бермейтін. Қазір міне, шығатын уақытымды білемін.

Ал, шұғыл шаруалармен кеңседе кешке дейін қалу керек болса, арнайы бұйрық шығарылуы тиіс. Соған сәйкес, қызметкерге үстеме ақы төленеді. Оның өзінде артық жұмыс айына 12 сағаттан аспауы қажет.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу