БҚО-да бірнеше ауыл қалың қардың құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да бірнеше ауыл қалың қардың құрсауында қалды

21.01.2019

Батыс Қазақстан облысында да шалғай ауылдар қар құрсауында қалды. Әсіресе, 500 шақырым қашықтықтағы Жәнібек ауданының 5 елді мекені мен қыстақтарына жол жабық. Республикалық маңыздағы жолдар да қардан аршылып үлгермей жатыр.

Ауыл азаматтары қалың қарды өз күшімен аршыған. Бұл бейнежазбадан кейін жол бір рет күрелген. Содан кейін техника ізін салмапты.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Біз қазір облыс орталығы Оралдан 500 шақырым қашықтықтағы Ақоба ауылының маңында тұрмыз. Біздің жол талғамайтын көліктің өзі жер бауырлап, тұрып қалды. Жол тазаланбаған. Әсіресе, республикалық тасжолға дейінгі осы ауылдан 23 шақырым жол аршылмаған. Осылайша, ақобалықтар қыс бойына қалың қардың әлегін, жолдың азабын тартып отыр.

Биылғы қыс шалғайдағы ағайынға қиын соғып тұр. Қыс ерте түсіп, қар қалың жауды. Әсіресе, науқас адамдарды аудан орталығына жеткізу мұң.

Айгүл Дүйісова, Ақоба фельдшерлік-акушерлік пунктінің меңгерушісі:

- Біз қаһарлы қыстың салдарынан жыл басында қиындық көріп қалдық. Соркөл елді мекенінде 6 айлық сәбиім бар, соған жете алмай отырмыз.

Жәнібек ауданында 20-ға жуық ауыл, 105 қыстақ бар. Аудан жолына жауапты мердігер мекеме барлық жолды тазалап үлгермейді, небәрі 3-ақ техникасы бар.

Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл Жәнібек ауданына желтоқсаннан бастап қар қалың түсті. Ауданда боран соғып тұр. Осыған орай, ашылған жолдар қайта-қайта жабылып, қатынасқа қиындық тудырып отыр. Қардың қалың әрі бір уақытта түсуі техника жетіспеушілігін туғызып отыр.

Ауыл-аймақтағы жол түгілі, «Казталовка-Жәнібек-Ресей шекарасына» дейінгі республикалық маңыздағы жолдың өзі уақтылы тазаланбайды.

Қанат Зинуллин, такси жүргізушісі:

- Техникаларға өте қиын болып жатыр. Жолда қалып та, қонып та жатырмыз. Жол тазаланбайды.

Зайыр Халелов, такси жүргізушісі:

- Тереңкөлден әрі қарай тазаламайды. Біз ар жағында қалып қоя береміз.

Ақобадан бөлек, Борсы, Талов, Жақсыбай, Қамысты ауылдарында да жағдай қиын. Халықтың талабы біреу ғана – жол уақытылы тазаланса. Қыстың қаһары әлі қайтқан жоқ. Өңірде бұрқасын, көктайғақ болатыны жайлы тағы ескерту түсті.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу