Шардарадағы балық өңдеу кәсіпорны тәулігіне 3 мың тонна балық өнімдерін дайындайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардарадағы балық өңдеу кәсіпорны тәулігіне 3 мың тонна балық өнімдерін дайындайды

13.06.2014
Шардарадағы балық өңдеу кәсіпорны тәулігіне 3 мың тонна балық өнімдерін дайындайды
Еуразиялық экономикалық одақ отандық тауар өндірушілердің  өнімді жұмыс істеуіне кең жол ашып, нарықтың көкжиегін кеңейтеді.
 
Бұған дейін Кедендік одақтың игілігін көрген Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданының кәсіпкерлері осындай пікірде.
 
Олардың ойынша, бұл бастама кәсіпорындардың бәсекелестігін арттырып, елімізде шығарылатын өнімдерді еркін саудалауға мүмкіндік бермекші. 
 
Шардарадағы балық өңдеу кәсіпорны қазір елімізде баламасы жоқ өндіріс орны саналады.
 
Мұнда балық өнімдерінің сан түрі шығарылады. Тиімділігі сол, шикізат қалдықсыз өңделеді. Бүгінде тәулігіне 3 мың тонна балық өнімдерін дайындайды. 250-ге жуық жұмысшы төрт ауысымда тұрақты жұмысқа тартылған.
 
Сәбит Танабаев, балық кесуші:
Ауыл балаларымен бірге осы жерге келіп жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Айлығымыз жақсы.
 
Қазір мұнда балық етін өңдейтін және қақтайтын қос бірдей желі іске қосылған.
 
Онда балық еті консервіленіп, сүйегінен ұн шығарылады. Ал, қажетті балық негізінен көрші облыстардан тасымалданады.
 
Бауыржан Қарабалев, технолог:
Қажетті өнім жан-жақтан келеді. Мысалы Атырау, Арал және өзіміздің Шардараның балықтары бар. Жақсылап өңдеп, экспорттаймыз.
 
Замануи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын бүгінде интеграцияның игілігін көре бастаған.
 
Енді қажетті шикізат көрші Ресейдің Иркутск, Красноярск қалаларынан  жеткізіледі. 
 
Ал, дайын өнім   шетелдерге экспортталып жатыр. Мұның өзі кез келген кәсіпорынға үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі.
 
Бақытжан Серманизов, «Хамит» Селолық тұтыну кооперативінің басқарма төрағасы:
Өндіріп отырған өніміңнің сапасы дұрыс болмаса, қала бересің. Еуразиялық экономикалық одақ сапа жағынан бәсекелестікті арттырады.
 
Кәсіпорын Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің нарығына шығуға арнайы құжат та алып қойыпты.  
 
Соның арқасында қазір Ресей, Беларусь елдерімен келісімшарттар жасалып, дайын өнім саудаға шығарылып отыр. 
 
Осылайша, нарық ауқымы кеңейген сайын кәсіпорын жұмысы қанатын кеңге жайып келеді. 
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу