Түркістан қаласындағы «Рухани-мәдени орталық» аймағында бұған дейін соғылған 170-тен астам нысанды бұзу жұмысы басталды. Оның 158-і жеке тұрғын үйлер. Қалған 13-і сауда орындары, тойхана мен қонақүйлер. Бұл ғимараттардың барлығы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің іргесінде тұр. Мемлекет қажеттілігі үшін бұзылатын нысандардың қожайындарына осыдан 2 ай бұрын жазбаша хабарлама беріліп, олармен келіссөз жүргізілді. Бүгінге дейін 60 тұрғын мемлекет тарапынан берілетін өтемақыны қанағат тұтып, тұрғынжайларын бұзуға келісім берген. Тұрғындар меншігіндегі әр жүздік жері үшін 518 мың теңгеден өтемақы алады. Сондай-ақ, оларға ауласындағы жеміс ағаштары мен баспанасының сапасына қарай қосымша қаржы төленеді. Тағы бір айта кететін мәселе, бұзылатын нысандардың барлығы бір мезетте жаппай қиратылмайды. Құрылыстың ретіне қарай кезең-кезеңімен іске асады. Олардың орнына жаңадан туристер аялдайтын және саяхатшыларға қызмет көрсететін 7 нысан салынбақ.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:
- Ол бойынша бізде штаб құрылған. Ол 23 адамнан тұрады. Оған ешқандай кедергі жоқ. Бәріне бағалау жұмыстарын жүргіздік. Бірақ, ол бәрін жаппай бұзып тастау деген сөз емес. Өзінің рет-ретімен, бекітілген тұжырымдамаға сәйкес жүргізіледі.
Ғани ҚАЛМАХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.