700-ден астам нысан бұзылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

700-ден астам нысан бұзылады

05.04.2019

Түркістан қаласында  мемлекет мұқтаждығы үшін тағы 535 үй қора-қопсысымен бұзылатын болды. Осылайша, облыс орталығындағы мемлекет меншігі үшін алынатын жер телімдерінің жалпы саны 700-ден асып отыр. Бұзылатын нысандардың саны артқан сайын бұған келіспейтін тұрғындар  да көбеюде. Жұрттың арызы бойынша бүгінгі таңда қалалық сотта 52 іс қаралып жатыр. 

Үйлерді бұзып, жер телімін алудағы мақсат жұртты жайлы орнынан қозғау емес. Қаланың кескін келбетін көркейту. Сәулеттік жоспар бойынша кесене маңындағы 168 нысан орналасқан аймаққа келешекте 9 бірдей сәуетті ғимарат салынады. Ал, қала орталығындағы 535 үйді бұзу арқылы облыс орталғындағы көшелер кеңейтілмек.

Түркістанның түлегені тұрғындар үшін қуаныш. Бірақ,  баспанасының өтеуі ретінде мемлекеттің беріп отырған қаржысы біраз жұртттың көңілін көншітпей отыр. Айтуларынша, бірінің жері, екіншісінің баспанасы, тағы бірінің қора-қопсысына берілетін өтемақы дұрыс есептелмеген. Оның үстіне кейінгі кездері шаһарда тұрғын үй  бағасы күрт өсіп кетті. Мемлекеттің өтемақы үшін берген қаржысына үй сатып алу мүмкін болмай тұр.

Гүлбаһар Хайтова, қала тұрғыны:

Біздің үйлеріміз орталықта ғой. Оны ана жақтағы шеткі үйлермен салыстарып, ақшамызды төмендетіп есептеген. Жеріміздің құнын да түсіріп жіберген. Қазір шаршы метрі нарықта 150 мың шығар. Ал біздікін 70 мыңнан есептеген. 

Ал, қалалық әкімдік мамандары болса, кінәні тұрғындарға артып отыр. Олардың айтуынша, үй қожайындары бағалаушы компанияға дұрыс құжат ұсынбаған. Кемшіліктің көбі соның кесірінен кеткен көрінеді. Бұл азаматтардың құжаттарын дұрыстап, әлі де қайыра тапсыруына мүмкіндігі бар. 

Сабыржан Сәдуақас, Түркістан қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің бас инспекторы:

Үш мерзімде келісім сөздер жүргіземіз, сол кезде оларды жасап алуға болады. Мүкіндіктері бар.

Тұрғындарға жылжымайтын мүлкінің құжаттарын дұрыстауына үш айдай уақыт берілді. Егер үлгермесе баспаналар жай ғана құрылыс материалдарының бағасымен ғана есептеледі. Қазір қала әкімдігі осыған байланысты тұрғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу