Кәсіпкерлікті қолдауға арналған жоба жүзеге аса бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлікті қолдауға арналған жоба жүзеге аса бастады

21.12.2018

Өздері байып қана қоймай, халыққа да шапағатын тигізетін мұндай кәсіпкерлерге мемлекет те барынша қолдау жасауға мүдделі. Айталық, Қостанай облысында алты ай бұрын құрылған  «Жобалық кеңсе» жұмысы жемісін бере бастады. Мекеме бизнесті мейлінше әкімшілік кедергілерден арылтып, аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізуде.

Нұрмұрат Мұзарапұлының еліміздің оңтүстік өңірінде ағаш өңдейтін кәсіпорны бар. Ол енді жұмыс ауқымын кеңейтіп, орманды солтүстік аймақтан зауыт салуды көздейді. Жоспарын жүзеге асыру үшін алдымен Қостанайдағы «Жобалық кеңсенің» көмегіне жүгінді. Соның арқасында бизнесті бастауға қажетті жұмыстың алғашқы  баспалдақтарынан артық кедергісіз өтті.

Нұрмұрат Мұзарапұлы, кәсіпкер:

- Жемқорлыққа қарсы агенттіктің жұмысы ұшан-теңіз екен. Құжатты тапсырсаң уақытында жауап беріп, 1-2 аптада нәтижесін көресің. Мен соған қуанып, осы солтүстік өңірде Қостанайды таңдап отырмын.

Кәсіпкер «Индустриалды аймақтан» 8 гектар жер алып 2 зауыт, 3 цех салмақшы. Мұнда ағаш қалдықтарынан экологиялық таза өнімдер жасалатын болады. Жоба құны 1 млрд. теңгеге жуық. 120 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлайды. «Жобалық кеңсе» өз жұмысын бастағаннан бері жалпы құны 171 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаларды қорғауды өз міндетіне алған. Ол үшін 38 кәсіпкермен арада келісімшарт жасалыпты.

Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігі облыстық департаментінің басшысы:

- Барлық кәсіпкердің іс-әрекетіне заңсыз мемлекеттік биліктің кірісуіне немесе рейдерлік жағдайларға апармауына кепіл боламыз. Себебі, басында біз расында заңды түрде осы азаматтың мүлкі екеніне көз жеткіздік.

 «Жобалық кеңсе» тек келісімшартқа отырғандарды ғана қанатының астына алмайды. Мұнда кез келген кәсіпкер келіп кеңес алуына, түйткілді мәселелерді тарқату үшін көмек сұрауына болады. Жаңа құрылымға жарты жылда 60-тан астам адам шағымданған. Олардың басым бөлігінің мәселесі оң шешімін тауыпты.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу