Көкшетауда «Жаңғыруға жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» атты республикалық ақындар айтысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда «Жаңғыруға жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» атты республикалық ақындар айтысы өтті

21.12.2018

Көркем сөз бен ұшқыр ой сайысын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ұйымдастырған. Бұл мемлекеттік мекеменің өткізген алғашқы айтысы. Ақындар қоғамдағы бармақ басты, көз қысты әрекеттер жайлы ойларын өлеңмен өткір жеткізді. Қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Республикалық айтысқа елімізге танымал ақындармен қатар, жас айтыскерлер де қатысты. Жыр додасы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізілді. Игі шара дәстүрге айналмақ, келер жылдары айтыс өзге де облыстарда ұйымдастырылады. Ал, алғашқы аламанның бас жүлдесін танымал айтыскер Айбек Қалиев иеленді. 

Аспанбек Шұғатаев, ақын:

- «Жаңғыруға жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» деген бұл айтыста әрбір ақын жүрегімен еліміздің мұңын жеткізуге міндетті. Сол ақындарымыздың айтқан сөздері қабыл болып, қазақ елінде жемқорлар, парақорлар азайып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын дейміз. 

Арман Бердалин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің департамент директоры:

- Әрқашанда ақиқаттың алдаспаны болған, шындықты шырылдатып жеткізетін ақындардың аузымен халыққа ұрлықтың түбі қорлық болатынын, жемқорлықтан алыс болуымызды, яғни, параны алған адам да, берген адам да бірдей жауапкершілікке тартылатындығын ақындардың аузымен жеткізгіміз келіп отыр. Мақсат - жамандықтан тыю, жақсылыққа шақыру. 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу