Елімізде келер жылдан бастап шаршы метрі 100 мың теңгеден аспайтын тұрғын үйлер салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде келер жылдан бастап шаршы метрі 100 мың теңгеден аспайтын тұрғын үйлер салынады

20.12.2018

Әрі құрылыс жұмыстарына тек отандық өнімдер ғана пайдаланылмақ. Осы және өзге де ірі жобалар бүгін Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының форумы аясында таныстырылды.

Қазір нарықта не қымбат – үй қымбат. Баспана бағасы аспандап тұр. Отандық ғалым-зерттеуші Жалғас Аманбаев тұрғын үйдің құнын бірнеше есе арзандатудың жолын тауыпты. Айтуынша, қазір құрылыс жүргізудің әдістері ескірген. Ал, оның жобасы бойынша көпқабатты бір үйді тұрғызу мерзімі 2 есе аз. Бастысы, отандық құрылыс материалдары қолданылады  

Жалғас Аманбаев, ғалым:

- Біздің баға бойынша үйдің шаршы метрі әрі кетсе 100 мың теңге болады. Ал, егер бір үйді емес, тұтас тұрғын үй кешенін тұрғызатын болсақ, баға одан да төмендейді. Бұл жобаға қазірдің өзінде сұраныс көп. Әсіресе, студенттерге арналған жатақхана жобасына қызығушылық жоғары. 

Ал, Талғат Омаров кәріз құдықтарында улану оқиғаларының алдын алуға бағытталған жобаны ұсынды. Өйткені, елімізде жыл сайын 50-ге жуық жұмысшы кәріз жүйелеріндегі газға уланып, көз жұмады екен.

Талғат Омаров, кәсіпкер:

- Мұнымен жұмыс істеп, 2-ақ минутта улы газдың бәрін шығарып тастайды. Оның ішіне таза ауа барады да, адам қайтыс болмайды. Бағасы шетелдік аналогтардан 2 есе арзан деп айта аламын. Сапасы жағынан бірде-бір кемшілігі жоқ. 

Осындай тың технологияның тетіктерін тапқан кәсіпкерлерге елімізде қолдау жоғары. Әсіресе, импортты ығыстыратын жобаларға, ІТ технология, жасыл экономика бағыттарына айрықша басымдық берілуде. Ал, келер жылы жастар кәсіпкерлігіне ерекше көңіл бөлінбек. Форум барысында қауымдастықтың осындай 5 бастамасы айқындалып, бекітілді.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу